Жолаушылар пойызында карантин шаралары жеңілдетіледі
10 маусымнан бастап теміржол вокзалы ғимаратына жолаушыны шығарып салатын адамдарға кіруге рұқсат етіледі.
11:43 09.06.2020
Бұл туралы көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов айтты. Айтуынша, ел ішінде пойыздар жүре бастаған күннен бүгінге дейін 100 мыңнан астам жолаушыдан сауалнама алынған. Жолаушылар арасында коронавирус жұқтырғандар тіркелген жоқ.
«Бұған дейін бірнеше рет жолаушылар теміржол қатынасы жаңартылуына байланысты коронавирус инфекциясына шалдығу өршіп кетпеген жағдайда талаптар кезең-кезеңімен жеңілдетілетіндігі аталап өтілген еді. Осыған байланысты 2020 жылдың 10 маусымынан бастап шығарып салушы азаматты теміржол вокзалы ғимаратына кіргізбеу талабы алынып тасталды», - деді ол.
Бұл орайда ол әлеуметтік арақашықтық, маска режимі, жолаушылардың вогондар арасында арлы-берлі жүруін және олардың шоғырлануын шектеу, залалсыздандыруды күшейту сынды санитарлық-карантиндік талаптарды қатаң сақтау қажеттігін баса айтады. Азаматтардың темір жол вокзалы ғимаратына кіруі бұрынғыдай байланыссыз дене қызуын өлшегеннен кейін ғана жүргізіледі.
Сонымен қатар, 10 маусымнан бастап жолаушылар пойыздарында вагон-мейрамханалар мен вагон-барлардың жұмысы жанданады. Олар жолаушылардың алдын ала берген тапсырысын жеткізу әдісі бойынша жұмыс істейді. Байғабылов теміржол көлігінде санитарлық-карантиндік шаралар сақталмаған жағдайда, талаптар қайтадан қатаңдатылатынын ескертті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!