Енді қазақстандықтар QR-код көмегімен үйлене алады
eGov.kz порталында QR-кодты сканерлеу арқылы алуға болатын қызметтер тізімі пайда болады, болашақта бұл тізім кеңейе түседі.
20:19 11.06.2020
Қазақстанда енді некені тіркеуге QR-код арқылы өтініш беруге болады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев халыққа есеп беру кездесуінде мәлімдеді. Айтуынша, қазір техник мамандар QR-код көмегімен алуға болатын қызметтерді осы айда іске қосу үшін жұмыс істеп жатыр.
Бұл қызметтердің қатарында:
- некені тіркеу;
- баланың туғанын тіркеу;
- баланы балабақша кезегіне қою;
- заңды тұлғаны ашу;
- салық есептілігін (250 форма) қабылдау бар.
"Осы қызметтерді компьютерде алған кезде, электронды сандық қолтаңбамен қол қою орнына, QR-кодты сканерлеп, eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы қызметті алуға сұрау жіберу жеткілікті. Электронды сандық қолтаңбаны қолдану үшін компьютерге қосымша бағдарлама орнатудың да қажеті жоқ", - деді Жұмағалиев.
eGov.kz порталында осы қызметтерді алған кезде, азамат "QR-code арқылы қол қою" функциясын таңдайды. Осыдан кейін eGovMobile қосымшасының көмегімен мониторда пайда болған кодты сканерлейді. Кейбір қызметтер үшін QR-код арқылы қол қою мүмкіндігі осы айдың соңына дейін жүзеге асады. Болашақта бұл қызметтер тізімі кеңейе түспек. eGov mobile қосымшасын App Store және PlayMarket платформаларынан жүктеуге болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары