ҰБТ-ның нақты нәтижесі тамыз айында шығады
ҰБТ-ның қорытынды нәтижелері тамыз айында белгілі болады.
13:57 22.06.2020
Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова мәлімдеді.
«ҰБТ-ның бірінші күнінің нәтижелеріне келетін болсақ, шекті балл жинаған адамдардың саны - 4 222 адам. Бұл барлық тестіленушілердің 68,3% құрайды. Ал шекті балл жинамағандар - 1 964, яғни 31,7%. 130 балдан жоғары алғандар - 39. Қазіргі уақытта біз апелляциялық шағымдарды қабылдаймыз. Ережеге сәйкес өтініштер сағат 13-00-ге дейін қабылданады. Жалпы, ҰБТ-ның қорытынды нәтижелері тамыз айында белгілі болады», - деді Наужан Дидарбекова ОКҚ-да онлайн-брифинг барысында.
Оның айтуынша, өтініштерді жергілікті апелляциялық комиссия қанағаттандырғаннан кейін олар түпкілікті шешім қабылдау үшін республикалық апелляциялық комиссияға жіберіледі. Нәтиже бүгінгі күннің соңына дейін беріледі.
«25 тамызға дейін барлық тестілеу барысындағы бейнежазбаларға арнайы бағдарламаның көмегімен талдау жүргізеді. Бұл ретте егер тестілеу барысында тест тапсырушы тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталған жағдайда олардың нәтижелері жойылады. Соған орай егер ол мемлекеттік білім беру грантының иегері болса, онда грант нәтижесі де жойылуы мүмкін», - деді орталық директорының орынбасары.
Сонымен қатар, ол биылғы ерекшеліктерге сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты қатаң шаралар қабылданғанын айтты.
«Кеше дене қызуы бар 2 адам тестілеуге жіберілмеді. Оларға басқа күні бөлек аудиторияда тест тапсыру мүмкіндігі ұйымдастырылады», - деді Наужан Дидарбекова.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!