Карантин кезінде той тойлаған шымкенттік полицейлер жазаланды
Әлеуметтік желілерде шымкенттік полиция қызметкерлерінің тойда жүргені түсірілген видео жарияланды.
15:40 24.06.2020
Кейіннен бұл тойдың 12 маусым күні Түркістан облысы Төлеби ауданындағы демалыс аймағының бірінде өткені анықталған. Осыған байланысты құқық қорғау органдары қызметтік тексеріс жүргізді.
«Аталған факті бойынша қызметтік тергеу жүргізілді. Тексеру барысында той 12 маусым күні Түркістан облысы Төлеби ауданындағы демалыс аймағында карантин кезінде ұйымдастырылғаны белгілі болды. Салтанатты іс-шараға Шымкент қаласы полиция департаментінде жұмыс істеп жүрген қызметкерлерінің бірі, сондай-ақ оқу орталығының және өңірлік арнайы мамандандырылған күзет басқармасының бастықтары қатысқан. Тойға қатысқан барлық лауазымды тұлғалар мемлекеттік қызметшінің этикалық кодексін бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.
Ал, той өткізген демалыс аймағына әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті айыппұл салынған. Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жиналған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін Төлеби аудандық сотына жолданған.
«Бейнетүсірілімді зерделеу барысында Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 462-бабының 3-бөлігі бұзылғаны анықталды. Санитар дәрігерлер демалыс аймағының әкімшілігіне қатысты ҚР ӘҚБК 462-бабы 3-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Қонақтармен және іс-шараны ұйымдастырушылармен санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтау қажеттілігі туралы профилактикалық әңгіме өткізілді», - делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!