Коронавируспен жеңіл ауыратындарды екіге бөлетін болды
Бүгінде республика бойынша симптомсыз және жеңіл ауыратындарды тіркейтін 465 мобильді топ жұмыс істейді.
12:35 26.06.2020
Денсаулық сақтау министрінің кардиология бойынша кеңесшісі Махаббат Бекбосынова коронавирус жұқтырғандарды емдеу тәртібі қалай өзгергенін айтып берді. Министр кеңесшісі коронавируспен жеңіл ауыратындарды екі топқа бөлу туралы шешім қабылданғанын айтты.
"Олар – пневматикалық және пневматикалық емес формалар. Мәселен, коронавируспен жеңіл ауыратын пневматикалық науқастарға компьютерлік томография жасағанда пневмония анық көрініп тұрады, өкпенің 30 проценті қабынып кетеді. Ал пневматикалық емес науқастарда ондай симптомдар жоқ", - деді Бекбосынова бүгінгі онлайн брифингте.
Оның айтуынша, бүгінде әлем бойынша коронавирус жұқтырғандардың 80 проценті – симптомсыз науқастар. Оларда ауру белгілері болмайды. Өздерін сау адам ретінде сезініп жүреді. Қазіргі кезде амбулаториялық мекемелерде арнайы мобильді топтар құрылған. Республика бойынша 465 топ жұмыс істейді. Олардың негізгі мақсаты – симптомсыз және жеңіл ауыратындардың бәрін тіркеу.
"Бүгінде скрининг, я болмаса, тест тапсырғанда коронавирус анықталады. Бірақ ешқандай симптом болмайды. Ондай адамдар – симптомсыз науқастар. Сосын аурудың жеңіл түрі бар. Ондай науқастардың барлығы бірден оқшаулануы тиіс. Соның арқасында инфекцияның таралуына жол берілмейді. Бүгінде шамамен 15 мың адам симптомсыз науқас ден танылса, 2 мыңдай адам коронавирустың жеңіл түрімен ауырып жүр", - деп атап көрсетті Бекбосынова.
Дереккөз: sputniknews.kz
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!