Алматы облысының ата-аналары әкімшілік алдында шу шығарды
Алматы облысының ата-аналары әкімшілікке барып, балалары оқуға қажетті техникамен қамтамасыз етілмегенін айтып шу шығарды.
13:40 25.08.2020
Әлеуметтік желіде Алматы облсындағы ата-аналардың шу шығарған видеосы тараған. Бейнежазбада әкімшілік алдына жиналған бір топ ата-ана ғимараттың есігін ашуын талап етіп, жанталасқан. Бастапқыда ноутбук береміз деген әкімдік, артынша ойларынан айнып қалған көрінеді. Балалардың сабағы жақын арада басталатындықтан, ата-аналар әкімшіліктің есігін қағуға мәжбүр болған.
"Халыққа қызмет көрсетіңіздер", "Есікті ашыңыздар", "Жауап беріңіздер", - деп шағымданды жиналғандар.
Мәселеге қатысты облыс әкімінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Облыс әкімі шағымданушыларды қабылдап, сөздерін тыңдаған. Қазіргі таңда әр шағымданушының әлеуметтік жағдайы тексеріліп, мәселесі шешілуде.
"Облыс әкімі наразылық танытқан ата-аналарды қабылдады. Әрбір шағымданушының әлеуметтік жағдайы жекелей тексеріліп, жұмыс жүргізіледі. Қазіргі таңда бұл мәселе облыстық білім басқармасына табысталды. Тиісті тексерулерден кейін мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, қажетті техникалар тапсырылатын болады", - деп түсіндірді облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!