Өскеменде қоқыс жәшігінен әйелдің мәйіті табылды
Өскемен қаласының полиция қызметкерлері мәйіті қоқыс жәшігінен табылған әйелдің өліміне қатысты күдіктіні қолға түсірді.
16:52 09.10.2020
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 7 қазанда «102» каналына қоқыс жәшігінде әйелдің мәйіті жатқаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына тәртіп сақшылары дереу аттанды. Жедел әрекет еткен полиция қызметкерлері екі күдіктіні қолға түсірген.
«Анықталғандай, екі ер адам құрбыларымен бірге ащы судан ұрттаған. Кенет араларында жанжал шығып, еркектердің бірі әйелді қылқындыра кетеді. Жәбірленуші есінен танып қалғанда олар адам өлтіріп алдық деп қорқып, әйелді 4-ші қабаттан лақтырып жіберген. Содан кейін мәйітті қоқыс жәшігіне тастаған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Қазіргі уақытта бұрын сотталған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Әйелді өлтірді деген күдіктілер сегіз жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары