Жүк көлігі мен жолаушылар пойызы соқтығысты
Ферғана облысында жүк көлігі мен жолаушылар пойызы соқтығысып, бір адам көз жұмды.
19:41 14.10.2020
«13 қазан сағат 21:40-та Бувайда мен Қоқанд станциялары арасындағы теміржол өткелінде жол-көлік оқиғасы болды. ГАЗ-53 маркалы жүк көлігі жабық тұрған шлагбаумды айналып өтпек болғанда, №62 «Ташкент – Әндіжан» бағытындағы жолаушылар пойызының локомотивімен соқтығысқан. Оқиға салдарынан жүк көлігінің жүргізушісі қаза тапты. Ал жолаушылар арасында зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ, локомотив пен жолаушылар пойызының алғашқы вагонына зақым келді. Орын алған оқиғадан кейін азаматтарға жедел көмек көрсетіліп, жолаушыларды тиісті жеріне басқа электровоз жеткізді», - деп мәлім етті «Узбекистон темир йуллари» АҚ баспасөз қызметінен.
Оқиға салдарынан жолаушылар пойызы 42 минутқа кешіккен. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары және тиісті ведомстволар аталған жол-көлік апатына байланысты тергеу жұмыстарын жүргізуде.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!