БҚО-да жол апатынан 13 жасар бала көз жұмды
Батыс Қазақстан облысында жол апаты жас баланың өмірін қиып кетті.
16:11 05.11.2020
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 4 қараша күні сағат 15.50-де Чапаев-Жаңақала жолының 118-шақырымында Жолқұдық ауылының тұсында болған. 35 жастағы жүргізуші «ВАЗ-21010» автокөлігінің руліне ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Соның салдарынан 65 жастағы жүргізуші айдап келе жатқан «ВАЗ-2108» автокөлігімен түйісуге жол берген.
Қос жүргізуші мен «ВАЗ-21010» автокөлігінде отырған екі жолаушы түрлі жарақаттармен аудандық ауруханаға жеткізілді. Оған қоса «ВАЗ-21010» автокөлігінде болған 16 жастағы жасөспірім мен 13 жасар бала ауыр жарақат алды. 13 жасар бала алған дене жарақатынан Жаңақала аудандық ауруханасында көз жұмды. Осы оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!