Ақтауда жаттықтырушы шәкіртін зорлаған
Маңғыстауда кәмелетке толмаған қызды зорлаған жаттықтырушы 14 жылға сотталды.
15:48 15.12.2020
8 желтоқсан күні Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелет жасқа толмаған шәкіртін зорлаған жаттықтырушыға қатысты іс бойынша үкім шығарды. Ер адам жасөспірімдерді спорттың каратэ-до түрімен жаттықтырған. Сондай-ақ, ол жәбірленушінің кәмелетке толмағанын біле тұрып, оның сенімін пайдаланған. Яғни, өзінің жаттықтырушы ретінде ықпал ететінін түсініп, оның еркінен тыс бірнеше рет жыныстық қатынасқа түскен. Бұл деректер сот процесі кезінде анықталды.
Сот процесі барысында прокурор айыпталушыны 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші тарап прокурормен келісті. Қорғаушы тарап сотталушыны оның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады. Айыпталушы өз кінәсін мойындамады. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар сотта белгіленбеген. Айыпталушыға қорғансыз немесе дәрменсіз адамға қатысты қылмыс жасау қылмыстық жауаптылық пен оның жазасын ауырлататын мән-жай болып табылады. Істің нақты мән-жайларын ескере отырып, сот үкім шығарды.
"Ол ҚР ҚК 120-бабы 3-1-бөлігі 1, 2-тармақтары бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, ол өмір бойы педагогикалық, жаттықтырушылар лауазымын атқару құқығынан айырылды, бұл осы баптың санкциясында көзделген жазадан орташа мөлшерді құрайды. Сот мұндай шешімге келді, өйткені сотталушы бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған және сотталмаған", - деп хабарлады Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, сотталушыны криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 2020 жылдың 8 мамырында күдікті ретінде ұстаған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!