Альварес Головкинмен үшінші жекпе-жек өткізуге келісті
Сауль "Канело" Альварес Головкинге қарсы жекпе-жекті қабылдау мүмкіндігі туып жатса, бас тартпайтынын мәлімдеді.
14:24 20.12.2020
Мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес Геннадий Головкинмен рингте үшінші рет кездесуге келісті. Бұл туралы ол британиялық Каллум Смитті жеңгеннен кейін берген сұқбатында айтты.
"Болашақта Головкинмен үшінші жекпе-жек өткізуім мүмкін бе? Мен тек үздіктермен жұдырықтасқым келеді. Егер бұл жекпе-жекті қабылдау мүмкіндігі туып жатса, мен бас тартпаймын. Мен үздіктермен төбелескім келетінін көрсеттім", - деді ол.
Бүгін таңертең Сауль Альварес (54-1-2, 36 КО) суперорта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін Ұлыбритания боксшысы Каллум Смитпен (27-1, 19 КО) жекпе-жек өткізді. "Канело" – Смит жекпе-жегі он екі раундқа созылды. Төрешілер жеңісті бірауыздан Альвареске берді – 119-109, 119-109 және 117-111.
"Ұзақ үзіліс болғанына қарамастан, біз бұл жекпе-жекке дайындалу кезінде үлкен жұмыс атқардық. Мен рингке оралғаныма бақыттымын. Иә, қарсылас мықты, бірақ мен бірінші раундта-ақ өзімнің кім екенімді көрсеттім. Әлемдегі үздік боксшы екенімді дәлелдедім", - деді жеңістен кейін мексикалық боксшы.
Еске салсақ, күні кеше ғана IBF және IBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин поляк Камил Шереметамен қолғап түйістірді. Жерлес спортшы титулдық жекпе-жекте қарсыласын тізе бүктірді.
Жекпе-жек барысында поляк боксшысы төрт рет нокдаунға түсті. Командасы жеті раундтан кейін жеңілісті мойындап, жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Айта кетсек, қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы бірінші кездесу тең аяқталды. Ал екінші жекпе-жекте төрешілердің шешімімен "Канело" жеңіске жеткен болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!