Түркістан облысында көшеде тұрған көлікті айдап кеткен жүргізуші адам өлтірді
Тәртіп сақшылары жол апатына кінәлі жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде көлік басқа біреудікі екенін анықтады.
12:00 11.01.2021
Түркістан облысының полицейлері көлік ұрлап, жол апатын жасаған күдіктіні ұстады. Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жол апаты болғаны жөнінде хабарлама келіп түседі. Полицейлер тез арада оқиға орнына жеткен. Тексеру кезінде ішімдік ішкен жергілікті тұрғын "ВАЗ 21051" көлігімен жолдың қарсы жолағына шығып кетіп, "Volkswagen Golf" маркалы көлігімен соқтығысқаны белгілі болды. Салдарынан "Volkswagen Golf" көлігінің жолаушысы көз жұмды.
Тәртіп сақшылары жол апатына кінәлі жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде көлік басқа біреудікі екенін анықтады. Жол апатын жасаған тұрғын көше бойында "ВАЗ" маркалы көліктің есігі ашық тұрғанын байқап, 10 шақырымға дейін заңсыз айдап кеткен. Осылайша өзгенің көлігін ұрлап, онымен қоймай жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған.
Кінәлі жүргізуші қамауға алынды, алайда жол апаты салдарынан бел омыртқасынан жарақат алғандықтан ауруханаға жеткізілді. Қазіргі таңда жинақталған материалдар айыптау актісімен бірге сотқа жолданды.
Дереккөз: sputnik
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!