Түлек ҰБТ-ның бірінше кезеңінде 10 балл ғана жинаған
Солтүстік Қазақстан облысында Ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші кезеңіне биылғы 3405 мектеп түлегінің 2062-сі қатысып, білімін сынады.
19:51 01.02.2021
Биыл ҰБТ-ның бірінші кезеңі СҚО-да 20-29 қаңтар аралығында өтті. Мектеп бітірушілер үшін сынақ 7 жерде - Солтүстік Қазақстан университетінде және 6 ауданда ұйымдастырылды.
«Университетте ҰБТ тапсыруға 1101 адам өтініш берсе, 1051 адам тестілеуден өтті. Кейбірі белгілі себептермен келе алмады, соның ішінде денсаулығына байланысты болмағандар бар. 12 аудитория әзірледік, соның 11-інде өтті, біреуі резервте тұрды. Барлық санитарлық талаптар сақталды. Түлектерде тыйым салынған заттар: телефон, «шпаргалкалар» болған жоқ. Бір де бір ескерту берілмеді. Штаттық режимде тыныш өтті», - дейді Kozybayev University қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Гүлмира Оспанова.
Жоғары оқу орны өкілінің айтуынша, университетте 5 ауданның оқушылары ҰБТ тапсырған. Бір аудиторияда балалар 10-15-тен отырды, әлеуметтік ара қашықтық сақталды.
«Бұл – ҰБТ-ның бірінші кезеңі. Әдетте оған түлектер өз күштерін сынау үшін, тест сұрақтарымен танысу үшін, қалай өтетінін бағамдау мақсатында қатысады. Сол себепті де балалар арасында абыржу болған жоқ. Ең жоғары 120 балл және ең төменгі 10 балл алғандар болды. Келесі кезеңі наурыз айына жоспарланған. Әзірге нақты уақыты белгісіз. Бірақ қазірдің өзінде түлектердің тестті электронды форматта, компьютер алдында тапсыратындығы айтылып жатыр», - дейді Гүлмира Оспанова.
Биыл СҚО-да 3405 мектеп түлегі бар. Олардың 2062-сі ҰБТ-ға қатысты.
«Үшінші жыл бұл сынақ төрт рет: қаңтар, наурыз, маусым, тамызда ұйымдастырылып келеді. Қажетті баллды жинағандарға сертификат беріледі, онымен жоғары оқу орнына коммерциялық бөлімге түсуге мүмкіндік бар. Ал грант алғысы келетіндер міндетті түрде маусымдағы ҰБТ-ға қатысулары қажет. Жалпы сынақ тыныш өтті. Тек Ғ.Мүсірепов ауданында ҰБТ талабын бұзған бір бала тестілеуден шығарылды. Ол өзімен бірге ұялы телефон кіргізген», - дейді СҚО білім басқармасының бас маманы Мария Исмагаметова.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!