Қостанай облысы бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шықты
Қостанай облысында карантинді кезең-кезеңімен жеңілдету туралы жаңа қаулы 15 ақпаннан күшіне енді.
12:02 15.02.2021
Қостанай облысы бас санитар дәрігерінің карантиндік шектеу шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету туралы жаңа қаулысы шықты. Құжатқа сәйкес, облыстағы кинотеатрлар мен театрлар жұмыс істейді, көрермендер орын санының 20%-нен аспауы қажет. Мәдениет нысандары 30 адамнан аспайтын құраммен дайындық өткізе алады.
Қоғамдық тамақтану нысандары, қала сыртындағы жол бойындағы тамақтану орындарының қызметіне таңғы 7-ден түнгі 12-ге дейін рұқсат берілді. Ол жерде бір мезгілде келуші саны 30 адамнан аспауы қажет. Бір үстелде 4 адам ғана отырады, үстелдер арасындағы қашықтық 2 метр болуы шарт. Сағат түнгі 12-ден кейін алып кету және жеткізу қызметіне рұқсат.
Фудкорттар алып шығу және жеткізу қызметін ұсынады. Сауда ойын-сауық орталықтары ашылады, алайда ойын-сауық аймағы қызмет көрсетпейді. Азық-түлік дүкендері, дәріхана, кинотеатрды қоспағанда сауда ойын-сауық орталығы жексенбі жұмыс істемейді.
Сонымен қатар ойын-сауық мекемелері, банкет залдары, букмекерлік кеңсе қызметіне тыйым салынған. Қаулы 15 ақпаннан бастап күшіне енді.
Дереккөз: sputnik
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!