Оралда тұрғын үй өртеніп, 2 газ баллоны жарылды
БҚО ТЖ департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Мереке Жұмағалиевтің айтуынша, оқиға 5 наурыз күні 2-саяжай аумағында болды.
09:34 06.03.2021
Сағат 13.39-да «Никель» бау-бақша серіктестігіндегі тұрғын үйдің жанып жатқаны жөнінде хабар түсті. Алғашқы өрт сөндіру бөлімі келгеннен кейін аумағы 120 шаршы метр үйдің отқа оранғаны анықталды.
Сондай-ақ өрт сөндірушілер келгенге дейін 2 газ баллоны жарылып, үйдің қабырғалары құлағаны белгілі болды. Қаза болғандар мен жарақат алғандар жоқ. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға 7 адам 3 техникамен жұмылдырылып, өрт 18.00-де сөндірілді.
«Өрттің шығу себебі – тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы. Облыста жүргізіліп жатқан іс-шараларға қарамастан, тұрғындардың осы талаптарды сақтамауы және салғырттығы салдарынан өрт пен жарылыс саны (2020 жылы – 4 оқиға) азаймай отыр. ТЖ департаменті тұрмыстық газ құралдарын қолдану кезінде абай болу керектігін тағы да еске салады. Төтенше жағдай орын алса, дереу 101, 112 (газ қызметі – 104) телефондарына қоңырау шалу қажет», - деді М.Жұмағалиев.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!