Қазақстандық вакцина Түркияның зауытында құйылады
ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қазақстандық вакцина Түркияда құйылатынын айтты.
16:36 09.04.2021
"21 сәуір күні бізде қазақстандық вакцинаны тексеру 50 пайызға бітеді. Биологиялық қауіпсіздік институты ғылыми орталық болғандықтан, ол жерде тек 50 мың доза вакцина шығару мүмкіндігі бар. Содан кейін, денсаулық сақтау министрлігі шешім шығарады. 25-27 сәуірдің арасында отандық вакцинаға қол жеткіземіз. Бұл вакцина Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларына жеткізіледі. Қазіргі таңда вакцинаны өндіру үшін қосымша алаңдар дайындап жатырмыз. Өйткені институттың көп көлемде вакцина өндіруге шамасы жетпейді. Бірақ институт базасында субстанция дайындалып, вакцинаны құю жұмыстары жүзеге асады. Одан кейінгі кезеңдерде басқа алаңдарды қолдана отырып, вакцина санын 500 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз", - дейді Тоқжанов.
Премьер-министрдің орынбасары қазақстандық зауыттардың шамасы жетпегендіктен, қазақстандық вакцина Түркияда құйылатынын айтты. Яғни, елімізде вакцинаның субстанциясы дайцындалып, вакцина Түркияда құйылады.
"Қазіргі таңда біз Түркиямен келісім шартқа отырдық. Олардың өзінің вакцинасы жоқ. Бірақ қуаттылығы жоғары үлкен өндіріс алаңдары бар. Сондықтан, бұл мәселе бойынша біз келісімге келдік. Түркия Қазақстандағы зауыттың құрылысына көмектесетін болады. Оған қоса, арнайы вакцина өндіретін құрылғыны жөндеуге және алдағы уақытта құрылғыны қадағалау туралы да келісім жасалды. Қазақстандық вакцина Түркияда құйылады", - дейді Тоғжанов.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!