Атырау облысында 23 жұмысшы түскі астан уланды
Атырау облысындағы Қарабатанда салынып жатқан газ-химиялық кешендегі «Bazis Construction» ЖШС-нің 23 жұмысшысы асханада түскі астан уланып қалды.
20:08 05.06.2021
Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Олар №2 облыстық инфекциялық ауруханасына жатқызылған.
«Инфекциялық ауруханаға 3 маусымда сағат 19:45-те 21 жұмысшы, 4 маусымда сағат 01:00-де тағы 2 адам түсті. Ауруханаға жатқан науқастардың бәрінде улану белгілері байқалды. Науқастар бас айналу, құсу, әлсіздік және диарея белгілеріне шағымданған» - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Жұмысшылар «Bazis Construction» ЖШС-ның асханасында тамақтанған. Алдын ала қойылған диагноз – тағамдық токсикоинфекция.
«Жұмысшыларға түскі аста манпар, бұршақ сорпасы, сиыр етінен дайындалған тағам, қайнатылған шұжық, пісірілген тауықтың төс еті, қайнатылған қарақұмық, макарон, қырыққабат салаты ұсынылған. Олар улануды түскі аспен байланыстырады», - деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!