Шымкентте ер адамдар такси жүргізушілерін өлтірген
Шымкентте такси жүргізушілерді өлтірген төрт жігіттің екеуі қалған өмірін түрмеде өткізеді.
12:00 01.07.2021
Шымкентте такси жүргізушілерді тонаған қылмыстық топ сотталды. Олар қарсылық көрсеткен көлік жүргізушілерін жауыздықпен өлтіріп, мәйіттерін өртеп отырған. Судья екеуін өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Судья Самидин Темірәлиевтің айтуынша, қаскөйлер есірткі шегіп, кей кезде мас күйде қылмыс жасаған. Төрт сотталушы да бұрын істі болған. Олардың ішінде екеуі – Нұридинов пен Кенжебектің қылмысты асқан жауыздықпен жасағаны дәлелденді. Біреуі 22-жаста болса, екіншісі – 26-да. Олар такси шақырып, көлік жүргізушісін қорқытып, ақша бопсалап отырған. Қарсылық көрсеткендерін аямады.
Осылайша 23 жастағы әкімдік қызметкерін өлтірген. Ол жігіт жұмыстан тыс уақытта такси жүргізуші болып жұмыс істеген. Қандықол қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан тағы бір ер адам 38 жаста болған. Оның үш баласы жетім қалды.
"Олар жаңағы 38 жастағы ер адамды алдымен тұншықтырған. Одан кейін төрт рет пышақ сұғып, мәйітін күл-қоқыс аймағында өртеп жіберген. Жас жігітті де солай өлтірген", - дейді судья Темірәлиев.
Сот Нұридинов пен Кенжебектің ауыр қылмыстар жасағанын ескере отырып, екеуін өмір бойына бас бостандығынан айыруға шешім қабылдады. Ал олардың сыбайластары – 36 жастағы екі ер адам 10 және 11 жылға түрмеге тоғытылды. Олардың адам өлтіру қылмысына қатысқаны дәлелденбеді. Бәрін сыртынан бақылап тұрдық дейді. Қылмыстық топтың қолынан қаза тапқандардың туыстары сот шешімімен келісіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!