300-ге жуық үлескер құрылыс компаниясына алданған
Нұр-Сұлтан полиция департаменті «Expolis Invest VM» ЖШС басшылығына қатысты алаяқтық фактісі бойынша тергеу жұмыстарын бастады.
15:04 12.07.2021
Қазіргі кезде полицияға 280 жәбірленуші өтініш жазған. Сот алдындағы тергеп-тексеру барысында «Expolis Invest VM» ЖШС әрекетінен еліміздің түрлі аймақтарында тұратын 300-ден астам адам жапа шеккені анықталды. Оқиғаны жан-жақты, толық және объективті тексеру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті құрылыс компания әрекетінен зардап шеккен үлескерлерді 71-62-85, 8-775-968-77-34 нөмірлері бойынша тергеу басқармасына хабарласуды сұрады.
Сондай-ақ полиция ұқсас жағдайларға жол бермеу мақсатында құрылысты жүргізетін компаниямен келісімшарт жасау барысында бірнеше жайтқа назар аударуды сұрады:
- жобалаушы мен құрылыс жүргізетін компанияның нақты заңды мекенжайы туралы деректер;
- компанияның мемлекеттік тіркеуден өткенін растайтын құжаттар;
- компания құрылтайшылары, жобалаушылардың құрылтайшылары туралы мәліметтер;
- жеке тұлғалардың қаражаты есебінен құрылысқа рұқсат берілгені көрсетілген құзыретті орган берген лицензияның болуы;
- құрылыс жүргізілетін жерге компанияның құқығын растайтын құжаттар;
- объектіні салуға мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы берген рұқсат;
- құрылыс кезеңдері туралы мәлімет және оны аяқтау мерзімі туралы деректер;
- құрылысты жүргізетін компанияның жосықсыз құрылыс салушылар тізімінде бар-жоғын тексеру.
Осылайша, елорда әкімдігі прокуратурамен бірлесіп жүргізген мониторинг кезінде үлескерлердің ақшасын заңсыз алған 46 құрылыс компаниясын анықтады.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары