Павлодар облысында түнде тойдан келген ер адам әйелін өртеп жіберді
Әйелдің денесін қатты күйік шалған, оған қажетті қан тобы іздестірілуде, дейді денсаулық сақтау басқарамасындағылар.
14:39 10.08.2021
Павлодар облысындағы Розовка ауылында ер адам әйеліне спирт шашып, өрттеп жіберді. Әйел денесінің 50 процентін күйік шалды. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтады. 8 тамызда түнде ерлі-зайыпты тойдан келген. Ал сағат 02:00-дің шамасында екеуінің арасында жанжал шыққан. Мас ер адам көлікпен бір жаққа шықпақшы болған. Әйелі оған рұқсат бермей, жолын бөгепті. Жанжал осыдан туындаған, арты жантүршігерлік оқиғаға ұласқан.
"Жанжал кезінде күйеуі тоңазытқыштан спиртті алып, әйеліне шашады. Сосын оттықты жаққан", - дейді полицейлер.
Әйел өртке оранып, айқайлай бастағанда ер адам есін жинаған. Отты бірден сөндіруге, жанып жатқан киімін шешуге тырысқан. Артынан жедел жәрдем шақырған.
I дәрежелі күйік алған әйел Павлодар қаласының ауруханасына жатқызылды. Сұхбат берген денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева әйел денесінің 50 процентін күйік шалғанын айтты, деп жазады sputnik. 34 жастағы жәбірленушінің жағдайы ауыр, қан құю үшін сәйкес топ іздестіріліп жатыр.
Ааталған оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабы (Денсаулыққа қасақана, ауырлығы орташа зиян келтiру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оған сәйкес, 1 000 айылық есептік көрсеткішке (2 917 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге болмаса сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Айта кетері, ерлі-зайыптының үш баласы бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!