COVID-19 ауруы кезіндегі иіс сезудің жоғалуы: дәрігер түсінік берді
Ресейлік оториноларинголог, медицина ғылымдарының кандидаты Ксения Карташова COVID-19-дан кейін болатын иіс сезудің нашарлау себептеріне қатысты түсінік берді.
Фото: Depositphotos
09:29 15.08.2021
Дәрігердің айтуынша, SARS-CoV-2 вирусы ағзаға енген кезде тыныс алу-иіс сезу нейрондарын қоректендіретін жасушаларды зақымдайды. Көмекші жасушалар өлген кезде нейрондар қалыпты жұмысын тоқтатады және иістерді тани алмайды. Сонымен қатар, иістерді тануда әлі жетілмеген нейрондар жинақталады.
"Ғылыми теориялардың бірі бойынша, әсіресе иістерді бұрмаланған түрде қабылдауымызға жетілмеген нейрондар себепкер болады. Олар бізге бұрыс сигналдар береді. Ал бұл жерде барлығы жеке түрде, әркім бұрмаланған иістерді әртүрлі елестетуі мүмкін" ,- деді Ксения Карташова.
Дәрігер сонымен қатар коронавирусты ауыр өткізген науқастардың жаңа клиникалық зерттеулерінің деректерімен де бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz. Анықталғандай, олардың кейбірінде гиппокампада мидың эмоциялар мен есте сақтау механизмдеріне қатысатын бөлігінде өзгерістер орын алған.
"Иістерді қабылдаудың бүкіл тізбегі гиппокампаның жанында өтеді, сондықтан біздегі кейбір иістер тұрақты эмоционалды жадты тудырады. Мысалы үшін, ойда жоқта бір иісті сезіп қалып сол адам есімізге түсе кетті. Сондықтан мидың осы аймағындағы бұзылулар иістерді бұрмалап қабылдауды тудыруы мүмкін", - деп қосты оториноларинголог.
Иіс сезімінің қалыпты жұмысына оралу адамның жеке ерекшеліктеріне байланысты.
"Кейбіреуде ауру жұқтырған сәттен бастап бесінші күнде, ал біреуде сегізінші айда да иіс сезу болмауы мүмкін" ,- деп түйіндеді дәрігер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!