Алматыда көлік қаққан 12 жастағы қыз ажал құшты
Алматыда «Skoda Rapid» көлігінің жүргізушісі жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтіп бара жатқан 12 жастағы қызды қағып, мерт қылды.
14:11 09.10.2021
Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, көлік апаты 8 қазан күні кешкі сағат 18.30-да болған.
«Skoda Rapid» жүргізушісі «Нұрлытау» ықшамауданынан Сапаржол көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, 5 «А» үйіне қарама-қарсы жаяу жүргіншіні қағып кетті. Оқушы рұқсат етілмеген жерді кесіп өткен. Салдарынан 2009 жылы туған жаяу жүргінші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды», - деді Алматы қаласы ПД анықтау басқармасының бастығы полиция подполковнигі Олжас Шәріпов.
Аталған дерек бойынша, ҚР Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұған дейін Алматы облысында 8 жасар оқушы иттен қорқып, жолға жүгіріп шығып, жүк көлігінің астына түсіп кеткені туралы жазған болатынбыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!