Астанада қаржы пирамидасының белгілері бар компания анықталды
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуде.
15:33 06.12.2021
Қаржы пирамидалары салымшыларды тарту үшін көбінесе өздерін жоғары табысты инвестициялар саласындағы ұйымдар ретінде көрсетеді. Мұндай компаниялар микроқаржы ұйымдары, тұтыну кооперативтері, ноу-хау жобалар, зергерлік және өзге де компаниялар ретінде заңды түрде тіркеледі.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жедел-іздестіру шаралары барысында Нұр-Сұлтан қаласының аумағында салымшылардың қаражатын тарта отырып, оларға кемінде үш жаңа салымшыны қосқан жағдайда салым сомасының 100% қайтаруға уәде етіп келген «Best Road Investment» ЖШС қызметі анықталды.
«Қазіргі уақытта зардап шеккен адамдар мен келтірілген залалдың сомасы анықталуда. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды. Құрметті азаматтар! Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз «Best Road Investment» ЖШС салымшылары болсаңыз, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ЭТД сенім телефонына +7 7172 31 61 45 хабарласуды сұраймыз», - деді агенттіктің баспасөз қызметінен.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!