Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов қайтыс болды
Қазақстанның халық жазушысы, XX ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісов 97 жасында өмірден озды.
12:37 05.02.2022
Бұл туралы ҚР Парламентінің депутаты Жанарбек Әшімжан facebook-тегі парақшасына жазды.
«Классик жазушы, ІІ-Дүниежүзілік соғыстың ардагері, даңқты Әбдіжәміл ақсақал Нұрпейісов қайтыс болыпты. Иман байлығын берсін. Адамзаттың басынан өткен небір сұрапыл дәуірлерді тәнімен де, жанымен де сезінген Алып Жүрек ғасырға жақындап барып тоқтапты. Көрмеген көшесінен жарылқасын», - деп жазды депутат.
Жазушы Алматыда жерленеді.
Ә Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң деген жерде дүниеге келген.
1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1956 жылы М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды. Халықаралық Қазақ ПЕН клубына жетекшілік жасады.
Әдебиетке 1947 жылдан араласа бастаған қаламгердің тұңғыш шығармасы - Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. «Курляндия» романын кейіннен өңдеп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жариялады. «Қан мен тер» трилогиясы (1-кітап – «Ымырт», 1961; 2-кітап – «Сергелдең», 1964; 3-кітап – «Күйреу», 1970) және «Сең» (1983), «Соңғы парыз» (1999) романдары дүние жүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған.
Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап боп шықты (1972), 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрді.
А.П.Чеховтың, А.М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.
КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974). 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достойнство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды. Көптеген орлен-медальдармен марапатталды. 1985 жылы Қазақ КСР Халық жазушысы құрметті атағы берілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!