Алматыда жылымық ауа райы қашанға дейін созылады
«Қазгидромет» ақпан айында алматылықтарды қандай ауа райы күтіп тұрғанына болжам жасады.
13:04 08.02.2022
«Алдағы күндері, 20 ақпанға дейін Алматыда қар аралас жауын-шашын болады. Түнде де, таңертең де тұман мен көктайғақ болуы мүмкін. Ауа температурасы түнде -5-10 аяз, күндіз – 3 аяз, +2 градус жылы болады», – дейді «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы бойынша филиалының метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Дәулет Қисебаев.
Алматыда ақпанның үшінші онкүндігінде ауа температурасы біртіндеп көтеріледі деген болжам бар.
«Ақпан айының соңында ауа температурасы күндіз 5 градусқа дейін жылынады. Қардың негізгі мөлшері осы кезеңде, яғни осы айдың соңында еруі мүмкін», - деп түсіндірді синоптик.
Қазгидромет өкілінің айтуынша, қысқы мезгілде даланы тұман басуы - қалыпты жағдай.
«Бұл аномалия емес. Алматыда қаңтар-ақпан айларында тұманды күндердің орташа саны жалпы алғанда 5-6 күнді құрайды. Бұл тұманның уақыт бойынша ұзақтығына сәйкес. Себебі, біз тұманның басталуы мен аяқталуын белгілейміз», - деді Дәулет Қисебаев.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!