Мәжіліс төрағасы Украинадағы жағдайға қатысты пікір білдірді
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Украинадағы жағдайға қатысты пікір білдірді.
13:05 02.03.2022
Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер палата төрағасынан Украинадағы жағдайды шешуде Қазақстан қандай үлесін қоса алатынын сұрады, деп жазады ҚазАқпарат.
«Әрине, Украина мен Ресей біздің бауырлас елдер саналады. Бізге осы шиеленіс ауыр тиіп отыр. Сондықтан адамдардың өмірі қиылып жатқаны, қалалардың талқандалып жатқаны - қиын жағдай. Қазақстан қалай көмектесе алады? Бұл тұрғыда кеше Мемлекет басшысы тиісті мәлімдеме жасады. Біз келіссөз жүргізуге қатысты көмек көрсете аламыз, яғни осыған тиісті алаңды ұсына аламыз», - деді Е. Қошанов.
Сонымен қатар Мәжіліс төрағасына Ресейге салынған санкциялардың Қазақстанға әсері туралы сұрақ қойылды.
«Осы мәселеге қатысты ахуал сағат сайын, күн сайын өзгеріп тұр. Сондықтан бұған болжам айту қиын. Мемлекет басшысы Ұлттық банкке және Үкіметке батыс елдерінің (Ресейге) санкцияларының қазақстандық экономикаға ықпалын барынша төмендету туралы тапсырма берді. Бұл тұрғыда елімізде барлық қажетті қадамдар жасалып жатыр», - деді Ерлан Қошанов.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!