Бас прокуратура Серік Күдебаевтың қашып кету фактісіне қылмыстық іс қозғады
Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов айтты.
Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков
12:20 05.04.2023
«Қандай да бір ақпараттың шығуына қарай біз қажет болған жағдайда өзге елдерге, оның ішінде Ресейге де жүгінетін боламыз. Ақпараттың түсуіне байланысты барлық елге жүгінеміз. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады», - деді Ерлан Алдажұманов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Мәжіліс кулуарында ҰҚК Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұмановтың айтуынша, Күдебаев Қырғызстан шекарасынан ресми бекеттер арқылы өтпеген. Бүгінде қазақстандық шекарашылар құқық қорғау органдарындағы әріптестерімен бірлесіп, мемлекеттік шекарадан өтуге болатын жерді іздестіріп жатыр. Бұл ретте Алдажұманов қашқын генералдың Қырғызстанға тау арқылы өтуі мүмкін екенін айтты.
«Қырғызстанмен мемлекеттік шекара 1257 шақырым болады. Алматы бағытында Алатау жотасы бар. Менің ойымша, бұл бағытта ниет болып, техникалық күзет құралдары болмаса, егер іздесе, мемлекеттік шекарадан өтуге мүмкіндік бар шығар. Мұны анықтау үшін тексеру жүргізіліп жатыр», - деді журналистердің сұрақтарына жауап берген Шекара қызметінің басшысы.
Еске сала кетейік, 3 сәуірде Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!