Ақтауда 16 медицина қызметкері ауызашарда астан уланды
Ақтауда ауызашарға барған 16 медицина қызметкері астан уланып қалды.
13:57 12.04.2023
«10 сәуір күні Ақтау қаласындағы мейрамхананың бірінде ауызашар болған. Ауызашарға қала, аудандық емдеу мекемелерінің дәрігерлері, жалпы 50 адам шақырылған.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімінің мәліметінше, 16 адам улану белгілерімен шағымданған», - делінген Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.
Аурухана дәрігері науқастардың бүгінгі жағдайы туралы айтты.
«Оның ішінде 6 адам амбулаторлық емге жолданды, ал 10 адам жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды. Науқастарда жоғары қызу, құсу, іш өту, жедел ішек инфекциясына тән интоксикация синдромы болған. Барлық қажетті шаралар қолданылып, ем жүргізіліп жатыр. Ешқандай қауіп жоқ, науқастардың жағдайы тұрақты, температурасы бірқалыпты, динамикасы оң. Барлық анализдер алынып, ем қабылдауда. Шағыммен келген кезде қан қысымы төмен болған, инфузионды терапиядан кейін жағдайлары жақсарды», – дейді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Гүлбану Нұржанова.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!