Премьер-министр Шымкент мұнай өңдеу зауытына қатысты тапсырма берді
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Шымкент қаласын дамытудың өзекті мәселелері және осы жылдың 27 қаңтарында мегаполиске жұмыс сапары аясында берілген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде кеңес өткізді.
Фото: primeminister.kz
15:40 13.04.2023
Орталық мемлекеттік органдар мен қала әкімдігінің басшылары қатысқан кеңесте:
- тұрғын үй, автожол, «Жұлдыз», «Бозарық» және «Тассай» индустриялық аймақтарының инженерлік инфрақұрылымын салу;
- «Сайрам» елді мекенінде жылыту жүйелері мен сорғы стансаларын реконструкциялау;
- қазандықтарды жаңғырту;
- сумен жабдықтау нысандарын және Алматы тас жолы бойындағы «Тұран» магистральдық кәріз коллекторын салу бойынша шаралар қаралды.
Сонымен қатар оңтүстік өңірлік хаб құру шеңберінде сауда-логистикалық орталықты кеңейту және МӨЗ айналасында мұнай шикізатын терең өңдейтін жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындарды іске қосу мәселелері талқыланды.
Премьер-Министр Энергетика министрлігіне Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығын бұрын жоспарланғандай жылына 9 млн тонна емес, қазіргі 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру тәсілдерін қайта қарау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ бұл жұмысты жаңадан салынатын қайта өңдеу кәсіпорындарының құрылысымен қатар жүргізу керек.
«Бізге шала-шарпы жұмыстың керегі жоқ. Бұл жобаға қомақты қаржы құйылады, сондықтан қуаттылықты жылына 6 млн тоннаға дереу арттыру қажет. ЖЖМ-ге деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Экономика өсуде, халық саны көбейіп, кәсіпорындар өздерінің айналымын арттыруда. Бұл процестердің бәрін, оның ішінде ЖЖМ өндірісін ұлғайту арқылы қолдау қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!