Тәліптер Қазақстандағы Ауғанстан елшілігін басқарады – СІМ
Қазақстан Ауғанстанның жаңа әкімшілігі дипломаттарын аккредиттейтін болды.
Фото: pixabay
17:28 17.04.2023
Бұл туралы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.
«Ауғанстанның жаңа әкімшілігі бізге дипломаттарды аккредиттеу туралы өтініш жолдады. Біз оларды тіркеу жөнінде шешім қабылдадық. Айта кетейін, 2021 жылдың тамызында бұрынғы режим құлаған соң елде «билік вакуумы» пайда болды. Ауғанстан Ислам Республикасының шетелдегі елшіліктері бұл мемлекеттің атынан өкілдік етуін тоқтатты», - деді Айбек Смадияров.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ауғанстан мәселесі әлі де халықаралық қауымдастықтың қызу талқылауында болатынын атап өтті.
«Кеше Самарқан қаласында Ауғанстанмен көршілес елдердің кезекті кездесуі өтті. Біз Ауғанстанның біртұтас болғанын әрі көркейгенін қолдаймыз. Ауғанстанның жаңа әкімшілігі өкілдерінің бізге келуі – мойындау дегенді білдірмейді. Бұл мәселе БҰҰ-ның құзырында қалады», - деп атап өтті Айбек Смадияров.
Сонымен бірге, ол осындай миссиялар Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ресей, Қытай, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері және Пәкістанда бар екенін еске салды.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!