Атырауда 10 жасар баланың аяғы субұрқақтың құбырына қысылып қалған
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының ақпаратына сүйенсек, оқиға 20 маусымда болған.
Фото: Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметі
16:42 21.06.2023
«Он жасар бала қатарластарымен бірге жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 8:00 шамасында Атырау қаласының «Вокзал маңы» шағын ауданында орналасқан субұрқаққа ойнауға келген. Сол кезде оның аяғы субұрқақтың су төгетін құбырына қысылып, жасөспірім аяғын шығара алмай қалған. Осыған байланысты оның ата-анасы құтқарушылардың көмегіне жүгінді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Оқиға орнынан жедел жеткен құтқарушылар арнайы құтқару құралымен баланың аяғын темір тұрбалар арасынан шығарды. Балаға ешқандай зақым келген жоқ.
«Ата-аналарға балаларды субұрқақтың суына түсуге жібермеуін ескертеміз. Өйткені, субұрқаққа құлау, жарақат алу қаупі бар. Жалпы, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, субұрқаққа шомылуға тыйым салынғанын қаперлеріңізге саламыз», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!