Атырау маңындағы каналдан балық өлексесі табылып, тексеру жүріп жатыр
Атырау қаласының маңындағы каналдан балық өлексесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Фото: Tengrinews.kz сайтынан алынды
09:00 07.08.2023
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, каналдан табылған өлі балық бойынша тексеру жүріп жатыр.
«Әлеуметтік желілерде тараған өлі балықтың видеосы бойынша мән-жайды анықтау мақсатында Атырау облысы бойынша экология департаментінің зертханалық бақылау бөлімінің мамандары «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің артқы жағында орналасқан, «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-ға тиесілі каналдан су сынамасын алды. Алдын-ала болжамға сәйкес, күннің ыстығына байланысты канал суында оттегінің тапшылығы болуы мүмкін», -деп хабарлады Жасұлан Бисембиев.
Ал, мамандардың пікірінше, Жайық өзенінен су алынатын құбырдың бастауына бірнеше тор қойылған. Бұл тордан балықтың өтуі мүмкін емес. Бірақ, сумен бірге өткен уылдырықтардан дамыған балық болуы мүмкін екені айтылып отыр. Әзірге қанша балықтың қырылғаны белгісіз.
«Қазір каналдан табылған өлі балыққа байланысты жағдай бақылауға алынды. Қосымша мәліметтер кейін жарияланатын болады», -деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.
Биылғы 7 шілдеде Қызылқоға ауданындағы Ералы су қоймасының маңындағы Меңдібай учаскесінде ақбалық қырылған еді.
«Оқиға орнына Ойыл ауылдық округінің әкімі мен 6 ерікті барып, жағдайды анықтады. Олар жергілікті уақытпен сағат 12:00-19:00 аралығында су қоймасын өлген балықтан тазалау жұмыстарын жүргізді. Ералы су коймасының Меңдібай учаскесінен 17 келі шамасында өлген балық сүзіліп алынып, арнайы орынға көмілді», -деп хабарлаған еді Қызылқоға аудандық әкімдігінен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!