Тоқаев білім беру мекемелеріндегі діндарлық мәселесін сөз етті
Қасым-Жомарт Тоқаев зайырлылық қағидасы барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс екенін айтты.
Фото: pixabay
13:36 05.10.2023
Тоқаев педагогтер съезінде соңғы кезде қоғамда жиі талқыланып жүрген оқушы қыздардың мектепке оранып бару мәселесіне тоқталды.
"Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын"- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ең бастысы, президенттің пікірінше, "көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек".
"Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз", – деп түйіндеді сөзін мемлекет басшысы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары