Ауғанстанға көмек: Арнайы рейс Шымкенттен Герат аймағына ұшып шықты
Ауғанстанның батысында болған жер сілкінісінен зардап шеккендерге Қазақстан халқының атынан гуманитарлық көмек алып баратын арнайы рейс Шымкент қаласынан Герат провинциясына аттанды, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: ТЖМ
08:37 11.10.2023
Ұлттық ұланның гуманитарлық көмек тиеген Y8F200W ұшағы Шымкент әуежайынан ұшып шықты. Арнайы бортқа 1200 адамға уақытша баспана болатын ондаған шатыр, бірнеше тонна дәрі-дәрмек тиелген.
Гуманитарлық бортты дипломатиялық жағынан сүйемелдеуші ретінде бекітілген Сыртқы істер министрлігінің жанындағы Қазақстан халықаралық ресми даму агенттігінің бас менеджері Серік Нұржанның айтуынша, Герат провинциясында табысталатын дәрі-дәрмектің тізімі Ауғанстан тарабы сұратқан тізбе бойынша жасақталған. Атап айтқанда, азитромицин, ибупрофен, цефтазидим, парацетамол сияқты ыстық түсіретін, қабынуға қарсы препараттар мен антибиотиктер жеткізіледі.
Еске салсақ, 7 қазан күні Ауғанстанның батысындағы Герат провинциясындағы 6,3 балдық жер сілкінісі салдарынан 2053 адам қаза тауып, 9 мыңнан астам адам жарақат алған. Бұған дейін Қазақстанның Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсететіні хабарланған еді.
Гуманитарлық көмек азық-түлік тауарлары, шатыр, дәрі-дәрмек, киім-кешек және басқа да қажетті заттардан тұрады. Жүктің бір бөлігі әуе жеткізілсе, бір бөлігі теміржол көлігімен жөнелтіледі. Сонымен қатар Ауғанстанға үйінді астында қалған адамдарды құтқару үшін ТЖМ құтқарушылары, соның ішінде кинолог мамандар жіберіледі.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Ауғанстандағы жер сілкінісінен Қазақстан азаматтары зардап шеккен жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!