Елмізде мұнай мен газ өндіру көлемі артып, көмір қазу көлемі азайған
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында мұнай мен газ өндіру көлемі артқанын мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
10:03 15.11.2023
«Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,2% өсті. Көрсеткіштің өсуі 12 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсуді Қызылорда, Қостанай, Абай облыстары және Алматы қаласы көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінде машина жасау өндірісінің 27%, оның ішінде автомобиль жасау саласы – 42%, электр жабдықтарын жасау – 31% өсті. Бұл ретте газ өндіру – 9,7%, мұнай өндіру – 9,3%, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 14% артты», - деді ол.
Оның сөзінше, металл кендерін өндіру – 1,1%, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 2,3%, көмір өндіру – 5,5% төмендеді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5% ұлғайды.
Қаңтар-қазанда 13,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 14%-ке жуық жоғары.
Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 8,6% төмендеді. Көрсеткіштің төмендеуі дәнді дақылдарды жинау көлемінің азаюынан орын алды.
«Барлық 7 экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсу 5 өңірде – Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды», - деді Әлібек Қуантыров.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!