Петропавлда көпқабатты 39 үйдің 3 мыңнан астам пәтері газсыз қалды
Петропавл тұрғындары көгілдір отыннан қиындық көріп отыр. Облыс орталығын газбен қамтитын кәсіпорын аязға төзімді сұйық отын алмағандықтан, ол қайта-қайта қатып қалуда, деп хабарлайды Kazinform.
19:02 13.12.2023
«Горгаз-сервис» ЖШС мәліметінше, 12 желтоқсан күні 39 көпқабатты үйдің 3063 пәтері көгілдір отынсыз қалды. Оған себеп – аязға бейімделмеген сұйық отын қатып қалған.
«Стандарт бойынша жаз уақытында «техникалық пропан-бутан қоспасы» маркасы қолданылады. Қыста газгольдерлерге «техникалық пропан» құйылуы тиіс.
«Техникалық пропанды» серіктестік жалғыз жеткізуші, шетелдік инвестор «Тенгизшевройл» ЖШС-ден коммерциялық бағамен жабық тендерде алуға мәжбүр. Елімізде газдың бұл түрі аз болғандықтан, оның бағасы жазғы газға қарағанда анағұрлым жоғары. Тамыз айында СҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті «Горгаз-сервиске» сұйытылған газдың тұрғындарға топтық резервуарлық қондырғы арқылы берілетін бағасын арзандатты. Осылайша Департамент «Техникалық пропанның» құнын «Техникалық пропан-бутан қоспасымен» теңестіріп тастады. Салдарынан ЖШС 4 айдан бері коммерциялық тендерде қыстық газды ала алмай отыр», - дейді «Горгаз-сервис» ЖШС өкілдері.
Серіктестік Департаментті СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына беріп, жеңіп шықты. Бірақ уақыт өтіп кетіп, олар қысқы газдың қорын жасай алмаған.
«Аяз басталғалы біздің қызмет күні-түні -30 градуста далада жұмыс істеп жатыр. Өйткені қысқа шақталмаған бензин қатып қалды. Қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз. Жақын арада кезекпен, техникалық мүмкіндікке қарай береміз», - дейді мамандар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!