Валенсияда көп қабатты үй өртеніп, 4 адам қаза тапты
Испанияның Валенсия қаласындағы көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, төрт адам қаза тапты. Ал он тоғыз адам із-түссіз жоғалып кетті.
Фото: Instagram/quicoleto
22:58 23.02.2024
Екі тұрғын үй (біреуі 14 қабатты) үш сағат ішінде өртеніп кетті. Кем дегенде 4 адам қайтыс болды, 19 адам жоғалып кетті. Өрт бірден жоғары және қасбет бойымен таралды. Барлығы үйде 500-ге жуық адам тұрды, 143 пәтер өртенді.
"Өрт туралы алғашқы қоңырау кезекші қызметтің пультіне сағат 17:35-те келіп түсті. Кешкі тоғызда екі үй де өртеніп кетті. Үстіңгі қабаттардағы үйінділер арасында қашып құтыла алмағандардың қалдықтары болуы мүмкін (кешенде жүзден астам пәтер болған)", – деп жазады El Pais басылымы.
Зардап шеккендердің арасында бес өрт сөндіруші бар екені белгілі, біреуі жетінші қабаттан төмендегі әріптестері созған төсенішке секіруге мәжбүр болды.
Өрттің себептері әлі белгісіз, дегенмен ғимарат құрылысында қолданылған материалдардың тез тұтанғыш екені айтылды.
Валенсия өнеркәсіптік техникалық инженерлер колледжінің вице-президенті Эстер Пучадес Испанияның EFE ақпарат агенттігіне берген пікірінде, үйдің сырты полиуретанды материалмен қапталғанын, оның тез тұтанғыш қасиетіне байланысты кейінгі уақытта үй құрылысында қолданылмайтынын еске салды.
Ғимараттың екінші қабатында тұратын тұрғынның айтуынша, жалынның тез жайылғаны сондай 10 минут ішінде бүкіл үйді шарпып үлгірген.
Қалада өрт құрбандарына үш күндік аза тұту жарияланды. Жалаулар төмен түсірілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!