Қарғын су құрсауындағы 965 нысан полиция күзетіне алынды
«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындыларын мәлім еткен Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев тасқын салдарымен күреске сақшылардың қалай үлес қосып жатқанын айтты.
Фото: БҚО ПД
18:45 05.04.2024
«Елдегі соңғы жағдайларға байланысты тәртіп сақшылары күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр. Министрліктегі және өңірлердегі жедел штабтардың жұмысы жалғасуда. Құтқару жұмыстары мен су тасқынының алдын алу шараларына Ішкі істер органдарының 5 мыңнан астам қызметкері, 800-ге жуық техникасы, оның ішінде «Ұлттық ұлан» құрылымының 2 тікұшағы жұмылдырылған. Қажет болса, тағы үш тікұшақ пен 2 ұшақ көмекке ұшуға дайын тұр», - деді Шыңғыс Алекешев.
Оның айтуынша, тасқын қатерінен қауіпсіз жерге көшірілген 10 мыңға жуық адам ның 200-і тікұшақтың көмегімен эвакуацияланған.
«Азаматтарды орналастыруға арналған 78 пункт ұйымдастырылды. Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарының 25 ауданында су тасқынынан зардап шеккен елді мекендер қоршауға алынды. Полиция қараусыз қалған 965 тұрғын үй мен басқа да нысандарды күзетуде. 93 учаскеде, оның ішінде республикалық маңызы бар 8 учаскеде қозғалысқа шектеу енгізілді. 3,5 мың автокөлік полицияның сүйемелдеуімен су басқан аймақтардан шығарылды», - деді ол.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!