Маңғыстауда құрылыс басқармасының басшысы сотталды
Ақтау қалалық сотында «Маңғыстау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ басшысы мен «А» ЖШС-нің өкіліне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп жазады kazinform.
Фото: gov.kz
16:31 15.05.2024
Сотталушы «М» «Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ-нің басшысы бола тұра, «А» ЖШС-нің «Н» мердігер компаниясымен Форт-Шевченко қаласында 260 орындық кәсіптік бағдар беру және өнертапқыштық өнер мектебінің құрылысына инженерлік қызмет көрсету және техникалық қадағалауды жүзеге асыру туралы келісімшартты жасауға ықпал еткені үшін, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің актілеріне қол қою үшін және жалпы болашақтағы қамқорлығы үшін «А» ЖШС-нің өкілі А-дан 5 миллион теңге пара алған.
Сотталушылардың кінәсі куәлардың жауаптарымен, сараптама қорытындысымен және өзге де іс материалдармен дәлелденді.
Сондықтан сот үкімімен басқарма басшысы ҚК 366-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айрылып, 3 жыл 6 ай мерзімге сотталды.
Ал, серіктестік өкілі ҚК-тің 367-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 55-бабы 4-бөлігімен ол да мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айрылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!