Ажырасқан ерлі-зайыптылардың екеуі де декларация өткізуге міндетті ме
Алматыда жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі өтіп жатыр. 250.00 және 270.00 нысандары бойынша декларацияларды тапсыру мерзімі 15 қыркүйек күні аяқталады.
18:21 09.09.2024
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі күні мегаполисте активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 нысан) 3-кезеңдегі 342,9 мың міндетті тұлғаның 255 мыңы тапсырған, бұл барлығының – 75%-ы. Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңінде заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндетті.
Дегенмен Мемлекеттік кірістер департаментінде 2024 жылы 2 қаңтардан бастап тіркелген кәсіпкерлер биыл декларацияны тапсыру міндетінен босатылатынын нақтылады. Өйткені 2023 жылдың 31 желтоқсандағы жағдай бойынша олар кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Алайда олар декларацияны төртінші кезеңде, яғни 2025 жылы тапсыруы қажет.
Сондай-ақ департамент баспасөз қызметі әртүрлі себептермен міндетті тұлғалардың жұбайлары декларацияны тапсыру бойынша міндеттемені орындамай жатқанын хабарлады.
«2024 жылы ажырасқан, бірақ 2023 жылғы 31 желтоқсанда заңды некеде тұрған ерлі-зайыптылардың екеуі де декларацияны тапсыруға міндетті», – деп хабарлады Мемлекеттік кірістер департаментінен.
Айта кеткен жөн, декларацияны «Салық төлеуші кабинеті» (cabinet.kgd.gov.kz), «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz), «е-Salyq Azamat», «eGov mobile» мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!