Тасқыннан зардап шеккендерге сұйық май, шай мен аяқ киім жетпей жатыр
Қарағанды облысындағы су шайған ауыл тұрғындарына осы өңірдің халқы да гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр. Кейбірі қолынан келгенінше киім-кешек пен азық-түлік әкелсе, басқалары ақшалай жәрдем бергенді жөн көріпті. Түске дейін аузы-мұрны лық толған алғашқы 3 жүк көлігі Мұстафин мен Садовое ауылдарына жол тартты.
Автор: Саят Сабдалы
17.04.2015
Тасқынынан зардап шеккен халықтың жайына қабырғасы қайысқан жандар бұлар. Жұрт мұнда киім-кешек, азық-түліктің түр-түрін әкеп өткізіп жатыр. Ал қаржылай көмек ардагерлер кеңесінің есепшотына аударылуда.
Талғат Бораншинов, Қарағанды қаласының тұрғыны:
-Берген тізім бойынша, қажетті заттарды сатып алдық. Теледидарлардан көріп, отыра алмадық.
Тасқын жүрген Садовое аулынының 300- ден аса тұрғыны қазір көршілес Гагарин ауылында жүр. Біразы туыс туған, таныстарының үйінде жатса, қалғаны мына ауылдық клубтан пана тауып отыр. Алақандай жерде ауқаттанып, еркектері еденде, әйел бала шаға клубтың сахнасында түнеп жүр.
Нұрақын Тоқтыхан, Садовое ауылының тұрғыны:
-Күндіз осындамыз, кәрі құртаңдарымыз. Түнде осы ауылдағы үйге барып жатамыз. Бала- шаға, барлығы жастар осында жатады. Бірақ сыймай қалады кейде.
Бүгін мұнда алғашқы гуманитарлық көмек Теміртаудан келсе, артынша Қарағандының 1 тонна ұн мен киім кешегі бар екінші көлік жетті. Ұзын сонар кезекте тұрғандар тізім бойынша өздеріне тиесілі деген дүниелеріне қол жеткізіп жатыр.
Шайполда Дәмеш, Садовое ауылының тұрғыны:
- Көп баласы барларға екеуден береміз. Енді ең азы мынау сұйық май. Оны енді қалай бөлетінініміді өзіміз білмей отырмыз. 70 үйге не деп береміз 20 литр майды. Ауылға шай қажет. Сұйық май қажет. Күріш қажет ұн қажет. Жуынатын заттар қажет. Сосын кейін ең қажетті мынау аяқ киім.
-Тасқын су басқанда ауыл тұрғындары мына жолмен Гагарин ауылына қарай өткен. Ал 40 шақты азамат малды айдап ауылдың арғы жағындағы тауға шығып кеткен көрінеді. Енді оларға гуманитарлық көмекті жеткізу үші мұндағылар қайықтың келуін күтіп отыр.
Қарағандыда суда қалғандарға заттай және ақшалай көмек жинайтын орындар қаптап кеткен. Көмектің тиісті жеріне жеткен-жетпегенін қадағалап жатқан да ешкім жоқ. Ал облыс билігі қаржылай көмек көрсетем деушілерге ресми есеп шотты бүгін ғана ашты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!