Астанада 11-ші қабаттан секіріп өлген қыздар жайында көршілері айтып берді
Ал Елордада 11-ші қабаттан секіріп өлген оқушы қыздарға қатысты жаңа дерек шықты. Бүгін Лолита Шишова мен Виктория Нефильд оқыған мектеп директорын Астана әкімдігі дереу шақыртып, түсініктеме талап еткен. Суицидке барған екі жеткіншек жайлы олардың ұстаздары мен сыныптастары ешкіммен сөйлескісі жоқ.Тек көршілері әкесіз өскен құрбылардың өмірі туралы айтып берді.
Автор: Досжан Маратұлы
15.05.2015
Өз-өзіне қол салған қос құрбынының білім алған мектебі бұл. Лолита мен Викторияның суицидке барғанын естіп, ұстаздары мен дос-жарандары сенбей әлі есеңгіреп жүр. Сыныптастарына марқұмдар туралы қандай да бір ақпарат айтуға тыйым салынған. Тілшілерді көрген мұғалімдер де алдарына күзетшілерін салып, қос шәкірті жайында тіл қатудан бас тартты.
-Түсірмеңдер ештеңе. Болды шығыңыздар. Директор орынбасары кетсін деп айтып жатыр ғой. Кетіңіздер.
Ал, бұл Лолита Шишованың интернеттегі парақшасы. Оған қарап «жасөспірімнің өз-өзіне қол салуы мүмкін» деуге ауыз бармайды. Күлімсіреген қыз өлерінен бұрын мұнда қымбат айфон алуды армандап жүргенін жазыпты. Сол арманына жетпей қыршын кеткен ол анасымен бірге мына үйде тұрған. Бірақ қайғыдан қан жұтқан шешесі бүгін пәтерінде болған жоқ. Жалғыз басты әйел енді өрімдей қызынан да қапыда көз жазып отыр.
Ал, Виктория Нефильдтің тұрған үйі мынау. Марқұм қыз шаштаразда істейтін анасы және бауыры үшеуі бірге тұрыпты. Тек, қаланың шетіндегі ата-әжесі демалыс күндері қонаққа келіп тұрады екен. Мұнда да күндіз ешкім болған жоқ. Тек, Викторияның қазасын бізден естіп, жағасын ұстаған көршілері қызды жақсы жағынан ғана танығандарын айтады.
Сәнима Дударбекова, марқұмның көршісі:
-Ол қызды кішкентай кезінен танимын. Өте сыпайы қыз еді. Көрген сайын амандасып, қалымды сұрап жүретін. Анасына қиын болды ғой.
Қос қыз секіріп өлген үйдің тұрғындары да өздеріне келе алмай жүр. 9-шы сыныпта оқитын оқушылар кеше осы үйдің 11-ші қабатынан қол ұстасып секіріп өлген еді. Жантүршігерлік оқиғаны қарсы үй тұрғындарының бірі ұялы телефонына түсіріп алған.
Жоғарғы қабаттан төменге зулаған қыздар асфальтқа түсіп, сол жерде жантәсілім еткен. Олар суицидке бармас бұрын тамырларын да кескен екен. Ал, психологтар өрімдей қыздардың өзіне қол салуына қазіргі қоғам себеп дейді. 16 жас - өтпелі кезең. Сондықтан осы уақытта балаға көбірек көңіл бөлу керек дейді мамандар.
Лимана Қойшиева, психолог:
-Бірден бір себеп әрине ғаламтор, ақпарат құралдарындағы суицид жайлы беріліп жатқан ақпаратты балалар тез қабылдайды. Одан кейін көктем кезінде түрлі психикалық дерттердің ушығатын кезеңі. Осы көктем кезінде көп болады.
Қос құрбының өз өмірлерін қиюына не түрткі болғаны әзірге белгісіз. Полиция жантүршігерлік оқиғаға қатысты тергеу аяқталмай қандай бір мәлімет таратқысы жоқ. Ал, осы сұмдық жағдайдан кейін, Астанадағы мектептерде жиналыс өтіп, оқушылармен психологтар жұмыс істеп жатыр. Оның үстіне алда түлектер үшін күйзеліс әкелетін басты сынақ Ұлттық бірыңғай тестілеу келе жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!