Бөлісу:
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Telegram
Мәдениет министрі шетел әртістерін шақыруға қатысты Назарбаевтың сынына жауап берді
Үлкен жанжалға себеп болған қазақ хандығы туралы фильмге қатысты Мәдениет министрі тағы мәлімдеме жасады. Әу баста туындыға бөлінген 1 миллиард теңгенің жетпей жатқанын мойындап, елге алақан жайған Арыстанбек Мұхамедиұлы енді ақшадан кенде емеспіз деп отыр. Сондай-ақ, министр қазақты масқаралайтын фильмдер мен «ЭКСПО» көрмесіне шетелдік әртістерді шақыруға қатысты Елбасыдан естіген сынына да жауап берді.
Автор: Ербол Сейілхан
22.07.2015
«Қазақ елі» деп аталатын Қазақ хандығы туралы көркем фильм Арыстанбек Мұхамедиұлы үшін үлкен сын. Туынды ертең мақтаныш ретінде әлемге көрсетіледі, сондықтан әжептәуір айғайдан кейін бөлінген 1 миллиардттың әр тиынына дейін жұмсалуын Мәдениет министрінің өзі санауға көшіпті. Ал жарнамасы жер жарған сериалға ақша жетпей қалды дегенге енді өзі аң-таң.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
-“Заң тілімен айтайын. Алдымен фильм құнының 30%-ы бөлінеді. Оның толық жұмсалып біткені жайлы есеп берілгенде ғана келесі соманы береміз. Шығармашылық топ сол бөлінген 30% ақшаның игерілгені туралы есеп берген жоқ. Яғни олар тек 300 миллион теңге алды. Қалған қаражаттың 70 пайызы «Қазақ фильмнің» шотында жатыр. 1 миллиард теңге жетпей қалды деген өтірік.
Тіпті Алматы облысында екі айдан бері дайындық қызып, декорациялар орнатылып киімдер тігіліп жатыр екен. Мәдениет министрі сериал режиссері Рүстем Әбдірашевке демеушілерден көмек сұрауға рұқсат еткенін, алайда ол оны «ақша жетпей жатыр» деп басқаша түсінген дейді. Қысқасы, бар пәлені ойын дұрыс жеткізе алмаған режиссердан көріп отыр. Сөйтіп, өзіне шаң жуытпаған Мұхамедиұлы 550 жылдыққа арналған туынды кестеге сай түсіріліп жатқанын айтып ант етуде.
Бүгін Мәдениет министрі «Қазақстанды масқаралайтын» деп қара тізімген енгізген кино жайында пікірін білдірді. Айтуынша, Эмир Байғазиннің «Үйлесімділік сабақтары», «Риэлтор», Әділхан Ержановтың «Қожайындар» атты туындаларын шетел түгілі елде көрсетуге қарсы. Бір адам көрмеген осы фильмдер халықаралық байқаулардан топ жарып жатқанын елегісі келмейтін министрге, өнердегі әріптестерінің өкпесі де қара қазандай.
Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР Халық артисі:
-Бәлкім министр ініміз ойланар толғанар. Бұл алашапқын дүниеменен дырдулап ала шауып қырып тастаймын, алып тастаймын дегенмен дүние бітпейді. Керісінше кәсіби мамандарды бағалау керек. Солармен ақылдасу керек. Бәрін біле беру мүмкін емес қой.
Ал Экспо-2017 көрмесіне шетел әртістері қалайда келетін болды. Бүгін министр Астанаға Ұлыбританиядан Ковент -Гарден театрын шақырып қойғанын айтты. Бұл қылығы үшін Елбасыдан сөз естіген Мұхамедиұлы сол кезде ойымды дұрыс түсіндіре алмай қалдым дейді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
-Мен ол кезде сөзімді аяғына дейін жеткізе алмадым. Ковент-Гарден театры тұтас келеді деген жоқпын. Негізгі 7-8 солистерін шақырамыз. Оларды біз алдыртсақ келесіде бізді шақыртады. Сөйтіп бір жағынан тәжірбие алмасамыз.
Осылай деп ақталған Мәдениет министрі енді бюджет ақшасына «Қазақфильм» түсіретін туындыларды жеке өзі бақылауға алмақ. Арыстанбек Мұхамедиұлы жас режиссерлердің азғындықты, қоғамның көлеңкелі тұстарын емес, елдегі жақсылықты көбірек насихаттағанын қалайды. Тіпті тақырыпты да өзі тауып беріп, атыс-шабыстың орнына миллионерлер жайлы кино түсіруге кеңес берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Telegram