Алматыдағы атышулы «Оңайға» ұқсас жүйе Астанада енгізілмек
Енді алдағы сәуір айынан бастап Елордада да кондукторлар жұмысынан босайды. Оның орнына электронды билеттер қолданысқа енгізілгелі жатыр. Қазір әкімдік зейнеткерлер мен жарымжандарды суретке түсіріп, жаңа жол жүру карталар ын әзірлеуге кіріскен. Бірақ, бастамаға күдікпен қараушылар көп.
Автор: Жәудір Оразхан
10.02.2016
-Жаңа электронды карта міне, мынадай болады. Билеттің шетінде пайдаланушының суреті бар. Оны жолаушы автобусқа кіргенде және түсіп бара жатып валидаторға тигізуі тиіс. Қонақтардың да қоғамдық көлікте жүріп-тұруы қарастырылған. Сырттан келгендер үшін бөлек қағаз карталар шығады.
Әзірге астаналықтардың басым бөлігі қоғамдық көліктерде бір рет берілетін билетпен қатынап жүр. Яғни, кондуктор әр жолаушының жанына келіп, жол ақысын жинайды. Енді Елордада бұл жүйе сәуірден бастап мүлдем жойылады. Орнына жұрт электронды билеттер сатып алуы тиіс.
Бауыржан Сейітов, Астана қаласы Көлікті диспетчерлендіру орталығының жетекшісі: графика
-Электронды карталардың құны қазіргі билеттерге қарағанда арзан. Жолаушылар оны үш айға, тіпті жарты жылға жететіндей етіп толтыруына болады. Сосын, картаға ақшаны көп салған сайын жол ақысы да арзандай береді.
Сондай-ақ, шенеуніктердің айтуынша, жол ақысы бір тиынға да қымбаттамайды екен. Бұрынғыдай 90 теңге болып қала бермек. Жарымжандар мен зейнеткерлерге арналған жеңілдіктер де сақталады. Қазір әкімдіктегілер оларды жаппай суретке түсіріп, карталарды әзірлеп жатыр. Ал елордалықтардың жаңа жүйеге деген көзқарасы әртүрлі болып шықты.
-Айырмашылық жоқ қой. Сол дұрыс сияқты ғой негізі. Келесің, ұрасың, кетесің.
-Мен үшін ыңғайсыз болады. Өйткені, біз автобуспен барамыз да, бірақ таксимен қайтамыз.
-Астаналықтарға ыңғайлы, келіп-кететін адамдарға қиын.
Ал, автобус жүргізушілері электронды картаға әлден қарсылық білдіруде. Олар қолма қол ақша мен кондукторлардан айырылғысы жоқ.
Бекболат Өтеев, автобус жүргізуші:
-Қарбалас кезде кондуктордың өзі адамдарға билет беріп, жол ақысын алып үлгере алмайды. Таңертең жүз адамға дейін отырады автобусқа. Оның 20-30-ы барып үлгере алмайды. 20 адам тегін кетеді.
«Оңай» деп аталатын атышулы карта алдымен Алматыда енгізілген болатын. Оңтүстік астана тұрғындары да қазір қоғамдық көліктерде тек электронды билетпен жүреді. Бұған негізінен қолма қол ақшадан айырылған автобус жүргізушілері мен табысы толық есепке алынған автопарктер қарсы. Аракідік жолаушылар арасында да түсініспеушіліктер туындап жатады. Әйтсе де, елордалық шенеуніктер ондай қателіктер қайталанбайды деп сенімді отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!