ОҚО-да 3 жасар бүлдіршінді ажалдан аман алып қалған оқушы марапатқа ие болды
Оңтүстік Қазақстанда 4-ші сынып оқушысы суға кеткен бүлдіршінді құтқарды. Қосағаш ауылында тұратын 11 жасар Мұхамедәли Құрақ Келес өзенінде ағып бара жатқан 3 жасар қызды ажалдан аман алып қалған. Ержүрек баланы бүгін аудан басшыларынан бастап, облыстық Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері де құттықтап жатыр.
Автор: Бек Әбиев
05.04.2016
-Судағы құтқару жұмыстары кезінде көрсеткен ерлігі үшін Қосағаш жалпы орта мектебінің 4-ші сынып оқушысы Құрақ Мұхамедали марапатталады.
Сала басшыларының дипломдарынан бөлек жеткіншекке аудан атқамінерлері велосипед мінгізді. Тіпті, Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін ведомстволық марапатқа ұсынылыпты. Жалпы Мұхамедәлидің әрекетін ауылдың жас-кәрісіне дейін жыр қылып айтып жүр. Жауынды күні ауыл ортасымен ағатын Келес өзені тасып, жағасында ойнап жүрген 3 жасар Ақтілек суға кеткен. Бүлдіршіннің ағып бара жатқанын көзі шалған Мұхамедали оның артынан өзенге секіреді. Қызды алып шыққан соң тұншыққан бөбектің кеудесінен басып суын шығарыпты. Дәрігерлер көмек дер кезінде көрсетпегенде бүлдіршіннің өліп кетуі мүмкін еді дейді. Ал Мұхамедәлидің өзі алғашқы медициналық көмек көрсетуді кинодан көріп үйреніпті.
Мұхамедали Құрақ, Қосағаш ауылының тұрғыны;
-Суға түсіп қойдым. Ол келді. Сыртқа жағаға шығардым. Одан кейін іші суға толып қалыпты. Кеудесінен басып, аузынан шөп-шалам, қап-қара ағаштың бұтақтары шықты. Ақтілек есін жиды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!