Семейде баласын жоғарыдан лақтырған келіншек аналық құқынан айрылмақ
Ал анасы бесінші қабаттағы терезеден лақтырып жіберген семейлік сәби нағашы әжесіне берілуі мүмкін. Бірақ жергілікті биілік бұл жағдайда психоневрологиялық диспансердің шешімі маңызды дейді.
Автор: Ұлан Нұрахмет
14.09.2017
Гүлнар Оразбекова, Семей қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:
-Баланы тәрбиелеуге мүмкіндігі жоқ деген шешім қабылдайтын болса, комиссия соған сәйкес өз қорытындысын шығарады. Онда әжесінің өтініші болуы керек. Ол кісі немересін алғым келеді деп ұсыныс жасаса, біз көмектесуге дайынбыз.
Алайда әжесі үш жастағы жиенін асырап алу жөнінде нақты өтініш түсірмеген. Әйтсе де, мамандар аяқ-асты ұстамасы ұстап қалатын әйелдің қасында бүлдіршінді жалғыз қалдыру қауіпті екенін алға тартуда. Олар сол үшін бүлдіршін нағашы әжесіне берілуі мүмкін деп отыр. Себебі, оның әкесі де жоқ. Естеріңізге сала кетейік, жантүршіктіретін оқиға алдыңғы күні болған. Психоневрологиялық диспансерде тіркеуде тұратын 36 жастағы келіншек жатақхананың 5 қабатынан өз баласын лақтырып жіберді. Есі ауысқан әйел де, ауыр жарақат алған бүлдіршін де қазір ауруханада жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!