{metadescription}
Баланы мектепке жинау үшін қанша ақша кетеді?

Баланы мектепке жинау үшін қанша ақша кетеді?

Әне-міне дегенше жаңа оқу жылы да басталғалы тұр. Ата-аналардың дедеңдеп сергелдеңге түсетін шағы.  Осындай қауырт шақта саудагерлер мен алыпсатарлардың да мүмкіндікті қалт жібермей, тауар бағасын қалауларынша «қалықтатыны» рас. Сонымен оқушылардың мектепке жиналуы қанша тұрады?

Біз оқушыны мектепке дайындау үшін сатып алынатын киім-кешек пен құрал-жабдықтың ең төмен бағасын есептеп көрдік.

Былтыр ата-аналар бағаның өскенін айтқан болатын. Қазір бірқатар тауарға әкесінің құнын сұрап тұрған көрінеді. Қымбаттаған, әсіресе киім-кешек болып шықты. Естеріңізде болса, мемлекет басшысы бағаны себепсіз көтермеуді тапсырғанын білеміз.

Баға шарықтаған! Соңғы 12 айда тауарлар мен қызмету 17,3 пайызға артқан. 2015 жылдың маусымында 3,9 пайызға өсті деген еді. Energyprom сарапшылары, әсіресе киім-кешек пен аяқ киімнің қымбаттағанын айтады - 35,3 пайызға.

Біз биыл, яғни 2016-2017 оқу жылына оқушының шығыны, ең төмен бағамен есептегенде, 85 мың теңгеден асатынын есептедік!

Әмияныңызды жұқартатын дүние – мектеп формасы. Әр ата-ана баласына сапалы тігілген киім алатынын ескерсек, ұсынылатыны қытайлық, қырғыз елінің және түріктер тіккен мектеп формалары. Бұлардың көбісі отандық өндірушілердің шығарған киімінен арзанырақ. Сондай-ақ, базарда жүріп бағасын сәл түсіруге келісуге мүмкіндік бар.

Біріншіден, біз отандық өндірушілердің ұсынған киімдерін байқап көрдік. Оны «А» деп атайық. Сонымен, «А» ұсынып отырған ұл балаға арналып тігілген мектеп формасы 15-16 мың теңге тұрады. Бұл брендтің бөлек пиджагын 10 мың теңгеге алуға болады. Жеткіншектер үшін (11-13 жастағы) 11 мың, жоғары сыныптарға 13 мың теңге.  Балалар жейдесі 3,5 мың, ересектер үшін 5 мың теңге. Рюкзак  8-12 мың теңге, жилет – 4 сың, шалбар – 5-7 мың (өлшеміне байланысты).  Балалар жилеті, пуловер мен жемпір орташа бағамен алғанда  5-6,5 мың теңге.  Спорттық костюм 10 990 теңге.  

Ал қыз балаларға арналған киімдер, әрине, қымбаттырақ. Мектеп костюмдері «А»  - 19 - 26 мың теңге.  Ал жоғары сыныптағылар үшін мұндай костюмдер 31 мың теңге. Бұның бәрін бөлек-бөлек алсаң, тіпті қымбат шығады екен: блузка – 4,5 мың, көйлек – 10 мың, юбка мен шалбар – 5-7 мың, жилет – 4 мың, ал жәкет – 10-13 мың теңге. Рюкзак -  8-10 мың теңге.  

Тағы бір қазақстандық өндіруші, оны «Б» деп белгілейік, ұлдарға арналған мектеп формасын ұсынып отыр. «Стандарт» - 15-20 мың теңге (өлшеміне байланысты). Бөлек пиджак 10-13 мың болса,  шалбар – 5-7 мың, жилет –  4,5 - 5,5 мың теңге, галстук бір мың теңгеден. Ұлдарға арналған «Винни» мектеп формасы 18,5-22 мың теңге. Пиджагын 12-14 мың теңгеге бөлек сатып алуға болады, шалбар – 6,5-8 мың, жилет – 5,5-6,5 мың теңге.

Ал қыз балаларға «Б» стандарт мектеп формасын 20-23 мың теңгеге ұсынып отыр. Қалауыңша бөлек сатып алсаң, жакет 10-12 мың, шалбар – 5-6 мың, юбка – 5 мың, сарафан – 8-10 мың теңге.

Базарларда мектеп формасын 13-15 мың теңгеге, спорттық костюмді - 9-10 мыңға табуға болады. Мектеп формасы бағасының  айырмашылығы жер мен көктей. Дегенмен тұрмысы төмен отбасылар фирмалық дүкендерге қарағанда ақшаны біраз үнемдей алады. Айтпақшы, біз бағасын қараған аяқ киім импорт болып шықты: қыздардың туфлиі 7000 теңге, ұлдарға арналған – 10 000 теңге. Спорттық аяқ киім 10-12 мың теге. Футболкалар базарда жеңіл  бағамен 1000-1200 теңге.  

Сонымен, киім-кешегін түгендеп, аяқ киімін алдық делік. Енді оқу құрал-жабдықтары бағасына көз жүгіртсек. Базарға барсақ па, әлде фирмалық дүкеннен алсақ па? Ірі дүкендер желісінде оқушылар қаламсабы 30 теңгеден, дәптер – 14 теңгеден жоғары, рюкзак – 4870 теңгеден бастап қымбаттай береді. Сондай-ақ интернет-дүкендерде пеналды 100 теңгеге, үстелге қоятын кеңсе қүралының ең төменгі бағасы 500 теңге, ермексаз орташа бағамен 400 теңге.

Базарларда да оқушылар құрал-жабдықтарының сан алуан түрі сатылуда. Бір қызығы, оның бағасы ірі дүкендердегі бағамен бәлендей айырмашылығы жоқ. Дегенмен базарда саудаласып, сәл төмен бағаға келісуге болады. Фирмалық дүкендерде де жеңілдіктер акциясы жүргізілетінін ұмытпайық. 

Алматыда сапасы жақсы мектеп рюкзагының орташа бағасы 6-12 мың теңге. Бұдан қымбатын да, арзанын да табуға болады.   

Қорытындылайық. Тізімге тек ең қажетті заттарды енгіздік. Ал канцтауарлардың ең арзаны:   

- Отандық өндірушілер ұсынатын мектеп формасы – 16-31 мың теңге. Барахолка ұсынысы – 13-15 мың. Орташа баға – 22 мың теңге;

- Жейде/блузка (5 дана) – орташа бағасы 20 000 теңге;    

- Спорттық костюм (жинақтама) – 11 000 теңге;

- Туфли (екі дана) – ортаға бағасы 8500 теңге;  

- Спорттық аяқ киім (екі дана) –  орташа 10 000 теңге;   

- Футболка (3 дана) – 3000 теңге;

- Рюкзак – 8000 теңге;

- 20 ұзын жол дәптер, 20 шақпақ дәптер – 560 теңге;

- 10 қалың дәптер – 650 теңге;

- 10 қаламсап – 300 теңге;

- 3 жай қарындаш – 45 теңге;

- Бояулар – 155 теңге;

- Фломастер – 300 теңге;

- Сызғыш, өшіргіш, пенал, қылқалам жинағы, ұштағыш – 1000 теңге.  

Нәтижесінде балаңызды мектепке жинау үшін, кем дегенде, 85 510 теңге қажет. Бұл Алматы бойынша көрсеткіш және қосымша шығын көрсетілмеген баға. Тұрмысы орташа отбасылар аталмыш соманы көтеріп алар. Жалақысы 85 мың теңге және көпбалалы отбасылардың жағдайын көз алдыңызға елестете беріңіз. Елімізде көпбалалы отбасылардың көп екенін ескерсек, оларға, кем дегенде, 800 долларға (қазіргі бағаммен) қажеттілік туады. 

Естеріңізге сала кетсек, былтыр тамыз айында президент Нұрсұлтан Назарбаев өңір әкімдеріне арнап былай жолдау жасаған болатын:

- Бағаны көтеру болмасын, әсіресе Қазақстанда шығарылатын қажетті тауарлар, азық-түліктердің бағасы көтерілмеуі тиіс. Пайда табудың соңына түсіп қымбаттату болмасын. Ондайларды ұстап, қатаң жазалайтын боламыз.

Айта кетсек, тек қазақстандық өндірушілердің тауарларымен шектелу - отбасы бюджетіне тиімді емес. Елімізге үстемелетіп жеткізіліп жатқан шетелдік тауар бағасынан отандық тауарлар арзан болмайынша,  кеңінен жарнамаланып жатқан «Отандық өнімді сатып ал!» акциясын қолдау мүмкін болмай тұр. Былай алып қарасаң, Елбасы өз бизнесмендерімізге үлкен сенім артып, дүкендерде көзге түсіп тұрған сөрелерді ұсындырды. Қайырымды жауап қашан болмақ? Дегенмен баға туралы сөз тек жергілікті өндірушілерге ғана қатысты болған жоқ – саудамен тек солар айналысады десек, қателесеміз. 

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде