{metadescription}
Киелі жердің иесі

Киелі жердің иесі

Осыдан төрт күн бұрын КТК блогында жарияланған «Талхиздың бұзылғанана кім кінәлі» деген мақала көпшілікті дүр сілкінтті...

Ғылыми деректер бойынша бұл көне қаланың іргесі қаланғалы 1200 жылдан астам уақыт өтіпті. Ұлы Жібек жолының бойындағы Қазақстан, Қырғызстан және Қытай мемлекеттерінің аумағында орналасқан 33 қаланың бірі саналатын ол 2014 жылы ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік тарихи мұралар тізіміне» енгізілген. Жер жүзіне әйгіленген осы бір киелі орынды бұзып, жол салмақ болғандардың жаншошырлық әрекетіне ата-баба әруағын сыйлап өскен әрбір азаматтың қатты күйзелгені анық.

Тау шаңғысы спорттық базасына апарар жолды төтелей тартпақ болған құрылысшылар Құдайдан қалай қорықпады екен?! «Қазархеология» ЖШС рұқсат берді» деп, өз жерін өзі талқандаған олардың қылмыстық жауапқа тартылуы тиістігін «Жасыл қалқан» ұйымының жетекшісі С. Куратов ашына айтыпты. Әлеуметтік желілерден бөлек, өзіміз хабарласқан танымал ғалымдар мен білікті мамандар да бұл оқиғаға өте алаңдаулы екен.

Талғат Сейітханұлы Құлтаев, ҚР ІІМ Академиясының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты:

"Мұндай сұмдық өзге бір елде болса, жағамызды ұстап, шошыр едік. Ал, иегіміздің астындағы Талғарда ешкіммен кеңеспей, екеуара келісіп істелген мынадай сорақылықты «халқымыздың тарихына жасалған қиянат» дер едім. Аумағы 20 гектар жерді алатын Талхиз қалашығы Жетісу өңіріндегі ірі өнеркәсіп орталығы саналған. Қазба жұмыстары кезінде табылған аса құнды жәдігерлер әлі күнге дейін сақтаулы. Мен Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен жазылған «Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерінің жиынтығы» атты ғылыми еңбектер топтамасын жасауға қатысқанмын. Сол көлемді еңбекте осы қалашықтың республикалық, одақтық, тіпті, әлемдік деңгейдегі ерекше мәдени мұралардың бірі екені қадап айтылған. Өткен ғасырдың ортасынан бері әлі зерттеліп келе жатқан киелі орынды қорлау өз бетімізді өзіміз тілгенмен тең масқара ғой. Жергілікті шенеуніктердің асыра сілтеуі бүкіл халықтың абыройын төге жаздады. Көпшілікті дер кезінде хабардар еткен КТК телеарнасы мен өзге де БАҚ тілшілері дабыл көтермесе, мұның соңы неге апарып соғарын ойлаудың өзі қорқынышты... ".

Елінің тарихын ерекше ұлықтайтын, ұлт абыройын ойлайтын азаматтар билік басында да бар екеніне кешелі бері көзіміз жетіп, шүкіршілік еттік. Жайсыздау хабарды естісімен, кеше шұғыл түрде осында жеткен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов ортағасырлық көне қалашық аумағындағы құрылыс жұмыстарының бәрін тоқтатуға нұсқау берді. Сонымен қатар,  арнайы қорғалар аймақтан аулағырақ жаңа айналма жолды жобалап салуды, жер рельефін қалпына келтіріп, жол салу үшін қазылған шұңқырларды көміп, тегістеуді және тарихи аса құнды орынның қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз етіп, жерасты сулары шайып кетпеуін қадағалап, сырт жағынан су ағар арықтар қаздыруды Алматы облысының әкімдігіне тапсырды. Ел мүддесін ойлап, жан күйзелісін ескере білер нағыз жанашыр осындай-ақ болар!

Негізінде, қазақ баласы «кие» деген сөзді кез келген нәрсеге таңа бермеген. Тамыры тереңнен нәр алған алып емендей Алматы шаһарының 1000 жылдық мерейі мәңгілікке жалғаса бергенін тілейік. Осыдан бірнеше жыл бұрын төл телеарнамыз «Алтайдың киелі жерлері» деген деректі фильм көрсеткен болатын. Сондағы бір оқиға ойымнан шығар емес. 2003 жылдың күзінде Таулы Алтайда күші 9 баллға жеткен қатты жер сілкінісі болған. Алайда халық сейсмологтардың болжауынан емес, көне аңыз елестерінен қорқыпты. Жергілікті алтайлықтар өздеріне ауыр қарғыс тигеніне, ертедегі ата-бабаларының айтып кеткен болжамының дәлме-дәл келгеніне сеніп, қатты күңіренген. Сөйтсе, тура 10 жыл бұрын археологтар бүкіл аймақ халқы табынып келген қасиетті орыннан Очебала ханшайымның мәйітін қазып алып, орталыққа алып кеткен екен. Ресей ғалымдары аса құнды тарихи жәдігер ретінде мұражайға апарып қойғанымен, жер астында мыңдаған жылдар бойы сақталып келген әулиенің мәйіті бірте-бірте бүліне бастапты. Аузы дуалы атақты бақсылардың түсіне кіріп, өзін мәңгілік мекеніне қайта жерлеуді өтінгенін хатқа түсіріп, өтініш жазған халықтың сөзін ешкім елей қоймапты. Ақырында әбден күйзелген ханшайым ашуға мініп, аймақ тұрғындары сұмдық апатқа куә болыпты. 7 баллдық күшпен бір апта бойы басылмаған жер сілкінісінен таудан құлаған үйдей тастар жолдағының бәрін жапырып, үлкен материалдық шығынға ұшыратыпты.  Ерекше факт ретінде тіркелген сол бір жағдай қасиетті мекеннің қаһары қатты боларына талайдың көзін жеткізгендей.

Байырғы бабаларымыз жауларынан қызғыштай қорғап, өсіп, өнер өз ұрпағына мұра етіп қалдырған асыл дүниелерімізге, киелі орындарымызға иелік етер тек қана өзіміз екенін есте ұстайықшы, ағайын!

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.