Велосипедтің тіркеу нөмірі не үшін керек? Электрсамокат таңдағанда неге басты назар аудару қажет? Электрсамокатпен жолдың қандай бөлігінде қозғалуға рұқсат етіледі? Электрсамокатты тебу үшін жүргізуші куәлігі қажет пе? Оны ІІД-ге (немесе ІІБ-ге) тіркеу керек пе?
Көлік кептелісінде тұрғанда қызығып қарайсың...

Көлік кептелісінде тұрғанда қызығып қарайсың...

Велосипедтің тіркеу нөмірі не үшін керек? Электрсамокат таңдағанда неге басты назар аудару қажет? Электрсамокатпен жолдың қандай бөлігінде қозғалуға рұқсат етіледі?  Электрсамокатты тебу үшін жүргізуші куәлігі қажет пе? Оны ІІД-ге (немесе ІІБ-ге) тіркеу керек пе?

Ірі қалаларда  көлік кептелісінде тұрғандар жанынан зуылдап бара жатқан  электрсамокат, велосипед теуіп бара жатқандарға қызығып қарайтын болды. Қазір екі дөңгелекті көлікке мініп алған үлкенді де, жасты да жиі кезіктіреміз. Әсіресе Алматы тұрғындары арасында  велосипед, электрсамокаттар сатылымы былтырғымен салыстырғанда 70 пайызға артыпты. Әкімдік бұл құбылысты қаладағы веложолдардың, велосипед дәлізінің жақсаруымен байланыстырып отыр. Биыл, мысалы, Алматыда велодәліз 30 шақырымға ұлғайтылып, бірқатар көшедегі жаяу жүргінші жолы қайта жасалды. Сағатына 40-тан 70 шақырымға дейін қозғалатын ыңғайлы да, шағын көлікті пайдалану ережелері, онымен дұрыс қозғалудың қыр-сыры туралы көпшілік біле бермеуі мүмкін. Соған қатысты жоғарыда аталған сұрақтардың жауабын іздеп көрдік.

Велосипедтің тіркеу нөмірі не үшін керек?

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ақпараты бойынша велосипедтер мемлекеттік тіркеуге алынбайды. Алайда өндірушілер өз тауарының қаңқасына сериялық нөмірді ойып шығарады. Ол арқылы жоғалған велосипедті тауып алуға мүмкіндік бар. Велосипед сататын дүкендердің сатушыларының айтуынша, ондай кітапшаларды  олар да береді екен. Бірақ кейбір велосипедтердің қаңқалары карбоннан жасалғандықтан, оған сериялық нөмірді ойып шығару қиын. Алюминий болса, жазуға болады. Ондайда тұтынушыға CD-диск беріледі. Оны компьютерге салып, өндірушінің ресми сайтында тіркелу керек. Сонда ол сіздің атыңызға жазылады. Кішкентай велосипедтерде де солай. Ал велосипеді ұрланып, арыз түсірген адам өз велосипедінің тіркеу нөмірін білсе, сол бойынша шағым бере алады. Базарда сатылатын велосипедтерде де сериялық нөмір мен арнайы кітапшалар болады. Сндықтан оған мән беріп, кітапшасын сақтап қою керек.

Электрсамокатты тебу үшін жүргізуші куәлігі қажет пе? Оны ІІД-ге (немесе ІІБ-ге) тіркеу керек пе?

Арнайы жүргізуші куәлігі берілетін көлік құралдары санаты мен кіші санатының тізімі «Жол қозғалысы» туралы Заңның 73-бабы 1-тармағында бекітілген. Электрсамокаттар арнайы жүргізуші куәлігі берілетін көлік құралдары тізіміне кірмейді, мемлекеттік тіркелуге («Жол қозғалысы» туралы Заңның 64-бабы) жатпайды. Осыған байланысты, «Жол қозғалысы» туралы Заңның 54-бабы 3-тармағы 1-тармақшасының талаптары электрсамокат жүргізушілеріне қолданылмайды.

«Жол қозғалысы» туралы Заңның 1-бабы 41-тармақшасына сәйкес мопед - екі немесе үш аяқты, ішінен от алатын қозғалтқышпен немесе электрқозғалтқышпен жабдықталған, цилиндрі елу текше сантиметрден аспайтын және жоғары жылдамдығы сағатына 50 шақырымды құрайтын көлік құралы. Аспалы қозғалтқышпен жабдықталған велосипедтер, мокиктер, скутерлер және осындай сипаттамасы бар өзге де көлік құралдары мопедпен теңестіріледі. Сол себепті аталған көлік құралы мопедпен тең. ҚР Үкіметінің 2013 жылғы Қаулысымен бекітілген «Жол қозғалысы» ережесінің 24-бөлігі 1-тармағына сәйкес он алты жасқа толған азаматтарға электросамокаттарды жүргізу құқығы беріледі.

Артем, 30 жаста, бағдарлама жасаушы (Алматы қаласы):

«Электрсамокатпен жүргеніме екі ай болып қалды. Бұрын велосипедпен жүргенмін, жаздың ыстығында велосипедтен гөрі самокат ыңғайды деп шештім. Үйім мен жұмыс істейтін жерімнің ара қашықтығы 4 шақырым. Қоғамдық көлікпен 20 минуттай жүрем, ал электрсамокатпен жұмысыма  10 минутта жетемін. Үш күн бойы таңдадым, түрлі модельдерін, сипаттамаларын салыстырып, ақыры 130 мың теңгеге сатып алдым. Жаңбыр ақырын себелеп тұрғанда жүре беремін, ал қатты нөсерде, әрине, үйге тастап кетемін. Өзіме ұнайды, көңілімнен шықты. Тек зарядтап қоюды ұмытпау керек екен, кеше есімнен шығып кетіпті, үйіме таксимен жеттім. Үш күнде бір рет қуаттап аламын. Салмағы 12 келі болғандықтан, кафе, банк, т.б. жерлерге барғанда ғимараттың ішіне жинап алып, қолыма алып жүре беремін. Ұзақ жолға шықсам, жолдың оң жақ жиегімен жүремін, бірақ қауіптірек. Мысалы, жолдың оң жиегінде жылдамдықты басқару, ілезде бұрылып кету, тоқтап қалу электрсамокатқа қарағанда велосипедпен оңайырақ.  Енді мазалап жүргені – қыс мерзімі. Егер қардан аршылған таза жол болса, онда электрсамокатпен қыста да жүре беремін деп ойлаймын».

Электрсамокаттар велосипедке арналған жолдармен жүруі тиіс. Ондай жолдар қарастырылмаған жерде жол бөлігінің оң жақ қанатымен маршруттық көлік құралына арналған жолақпен бір қатармен жүруіне болады. 

Электрсамокаттар еліміздегі үлкен қалаларды да «жаулап» барады. Қарапайым, жеңіл, көп орын алмайды, уақыт үнемдейді. Мысалы біреуін орташа алғанда бес сағат қуаттап алып, 45 шақырымға дейін жүруге болады. Жылдамдығы сағатына 33 км. Салмағы 100 келіге дейін адамды көтере алады. Ал ұялы телефоныңа қосымша жүктеп алсаң сенің электрсамокатыңды ұрлау қиын болады. Яғни, телефоныңа «біреу сіздің көлігіңізді алғалы жатыр» деген хабарлама келеді. Сонымен қатар, арнайы қосымша орнату арқылы самокаттың қуат күшін, жылдамдығын бақылап отыруға болады. Ал қараңғы түскенде қаіпсіздік мақсатында электрсамокаттың артында арнайы түрлі-түсті жарық жапмсырмасы болуы тиіс. Салмағы орташа алғанда 14 келі, жылдам жиналады. Ал жолда келе жатқанда электрсамокаттың  қуаты таусылып қалса, онда  электрсіз, кәдуілгі самокат ретінде пайдалана беруге болады. 

Анна, 47 жаста, менеджер (Алматы қаласы):

«Электрсамокатпен жүргеніме жарты жылдай болды. 160 мың теңгеге тек жұмысқа бару үшін сатып алғанмын. Өйткені кептелісте тұрғаннан жалықтым. Үйім мен жұмысымның ара қашықтығы екі жарым шақырымдай. Күн сайын көлік кептелісіне бола қаншама уақытымды жоғалтатынмын. Әзірге тротуарлармен жүріп жүрмін, жолдың арнайы жолақтары болса жүремін, ал жолға шығуға қорқамын, шынымды айтсам. Жылдам, ыңғайлы, ықшам, бұдан артық не керек? Рюкзагымды іліп алып, дүкенге де зу етіп барып келем".  

Ең бастысы жол ережесін сақтау керек:

  • Электросамокат тізгіндеген жолаушылар веложолдармен немесе жолдың оң жақ шетінде ғана жүруге рұқсат берілген.
  •  Жол беру белгісін қалт жібермеу керек.
  • Қараңғы түскенде өз қауіпсіздігің үшін жарығын қосып қою қажет.

 Жасы 14-тен асқан велосипедшілер автобус жолағымен жүре алады

Жол қозғалысы ережесіне велосипедшілерге қатысты өзгерістер: Енді жол қозғалысы ережесінде бұрын болмаған «велосипедші», «велосипед жолы», «велосипедке арналған жолақ» деген сөздер енгізілген, сондай-ақ «мопед», «жол жиегі» деген сөздердің түсінігі барынша кеңейтілген.  Велосипед жолы және велосипед жолағы бойынша велосипед жүргізушілеріне жас ерекшеліктеріне қарамастан қозғалыс рұқсат етілген, сонымен бірге бұл жолдармен мопед жүргізушілеріне де жүруге болады.  Велосипед жолы мен велосипед жолағы жоқ жерлерде мопед пен велосипед жүргізушілері (14 жастан жоғары) жолдың оң жақ бөлігінің шетімен қозғалуына болады, сондай-ақ оларға маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен қозғалуға да рұқсат етілген.  Барлық велосипедшілер, соның ішінде жасы 14 жастан төмен балалар велосипед жолы мен жолағы жоқ жерлерде жол жиегімен, тротурар немесе жаяу жүргіншілер жолымен (жаяу жүргіншілерге қауіпсіздік тудырмайтын жағдайда) қозғалуына болады. Басқа жағдайларда велосипедші жаяу жүргінші ретінде велосипедін жетектеп жүреді.

 

Электрсамокатты таңдағанда неге басты назар аудару керек?

Техникалық дизайны. Яғни техникалық қырынан және ықшамдылығына қара. Қандай материалдан жасалған? Моторы мен батареясының сапасына қандай? Техникалық дизайны дегеніміз – салмағы, жиналған түрде көлемі мен қолыңа ұстап жүруге ыңғайлығы. Жинақталған электрсамокат көліктің жүксалғышына, үйдің кіреберісіне, балконға, жұмыс столыңның жанына қойғанға ықшамды, ыңғайлы болса. Көлемі үлкен дөңгелек электрсамокаттың өзін де даңғарадай қылады, бірақ үлкен дөңгелек шұңқырлы жерлермен жүруге жайлы.  

Салмағының тек көтерген кезде емес, тепкен кезде де маңызы бар. Кейбір электрсамокаттар 15-20 келіге жетеді. Ал күші бірдей болса, тіпті 7 келілік самокат та 15 келіге қарағанда жылдам да епті.

Айтпақшы, электрсамокаттың салмағы оның материалы мен мықтылығына  тікелей байланысты. Мысалы, қымбат аллюминий қорытпасының орнына арзанқол болаттан жасап, шыныталшығын карбонмен ауыстыра салады. Қазір сатылымда діңгек рөлі жылтылдатылған,  аллюминий түсіне ұқсас боятылған  қаңылтырдан (!) жасалған электрсамокаттар пайда болды.  Бұлардың «өмірі» қысқа. Мықты электрсамокат сапалы аллюминий немесе карбоннан жасалады.

Моторы неғұрлым мықты болса, қуаты соғұрлым күшті. Бірақ ескертетін жәйт, қытайлықтар 500+ Вт моторына 5″ деп жаза салады.  Алайда бұған ең көп дегенде 250 Вт сияды. (6″ дан жоғарылар - 300-400 Вт дейін). Арзан моторлар 12 В жарамды. Қазір мотор стандарты 24 В болған, ал мықты модельдері әдеттегідей 36 В басталады.

Мотор. Қозғалтқышы дұрыс самокатты қалай таңдау керек?

Электрсамокат сатып алардан бұрын оны міндетті түрде теуіп көр.Жоғары жаққа қарай тепсең, моторының қалай жұмыс істейтінін бірден байқайсың. Сапалы электрсамокаттардың батареясының қуаты 20-30 шақырымға жетеді. Егер жолға шықсаң, велошлем киген дұрыс. Өкініштісі, көбісі оны ескермейді. Дүкендерде ересектерге арналған шлемдердің орташа бағасы 8-ден 15-20 мың теңгеге дейін. Балалар шлемі  6 мың теңгеден жоғары. Ал элекрсамокаттардың бағасы, қазір көп қолданылатын модельдері 160 мың теңге. Ал арзанқол қытайлық 60 мың теңгеліктерін ең көп дегенде 2-3 ай ғана тебесің. Сондықтан 100 мыңнан арзан сапалы электрсамокат жоқ. Электрсамокаттарды жаңбырлы күні пайдаланбаған жөн.

Ал серуендеуге арналған самокат сатып алғанда оның дөңгелегінің диаметріне көңіл аудар. Диаметрі үлкен болса, самокаттың жүрісі де жақсы. Сондай-ақ қамытын қалай буылатынын және дөңгелегінің күйін тексеріп ал. Самокаттың кепілдік күні тек 1-2 күн ғана. Құны 29 - 45 мың теңге. Ал  шеберлік әдістер жасауға арналған самокаттың бағасы 39 - 80 мың теңге.

Білесіз бе?

Әлемде жыл сайын 1,3 миллион адам жол апатынан қаза болады.   Құрбан болғандардың тең жарымы - жаяу жол жүргіншілері, велосипедшілер мен байкерлер екен. Бұл мәлімет БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі жаңа баяндамасында жарияланған. Сарапшылардың айтуынша, қалалар инфрақұрылымын дұрыс дамытса, миллиондаған адамды ажалдан арашалап қалуға болады. Баяндаманың пікірінше, қала салушылар жаяу және велосипедпен серуендейтін арнайы аймақтар құруға мән беруі тиіс. Бұл қоршаған ортаның сақталуына да септігін тигізеді.

БҰҰ-ның мәліметіне жүгінсек, ауаны ластайтын зиянды заттардың 23 пайызы автокөліктер үлесіне тиеді. АҚШ, Голландия мен Швецияда Африка елдеріне қарағанда жол апаты сирек болады. Мысалы, Малиде жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер құрбандардың 66 пайызын құрайды. Ұйым өкілдерінің пайымдауынша, қауіпсіз жолдардың ашылуын көздейтін жобалардың қаржыландыруы артса, халықтың денсаулығы жақсарып, ауаны ластайтын зиянды заттар үлесі де азаяр еді. 

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...