{metadescription}
Енесі бар адамдар ешқашан шаршамайды

Енесі бар адамдар ешқашан шаршамайды

Ене мен келін тақырыбы – мәңгілік. Келін туралы да, ене туралы да жағымсыз айтылатын сөздер баршылық. Енесімен бірге тұрып жатқан келіншектерге жаны ашып қарайтындар да жеткілікті. Ал негізінде, келіннің енесімен қара шаңырақта бірге тұрғанның пайдасы мен артықшылықтары өте көп. Қандай дейсіз ғой?

  • Қайын жұртына сыйлы

«Қолындағы келін» дегеннің өзі де мәртебе. Бөлек кетпей, ата-енесімен бірге тұратын келінді бүкіл қайын жұрты танып, келінге деген ілтипаты да ерекше жылы болады. Қайын жұрты әр мерекеде, атаулы күндерде сыйлық жасап, баласына базарлығын беріп, тіпті мал атап отырады.

  • Ерте тұруға дағдыланады

Өйткені түске дейін тырайып жатқан келінді қайын жұртының жақтырмасы анық. Ұяты бар келін ерте тұруға тырысады. Айтсаң да, айтпасаң да, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық. Таңертең ерте оянған адамның миы тынығып, сергек жүреді, жақсы ойлар басына келеді. Қиын мәселелерді шешу амалын ойластыратын кез де таңғы шақ екені ғылыми дәлелденген. Істейтін шаруаларының бәрін таңертең жоспарлап алса, ісі де  өнімді, өзі де сыйлы болады.

  • Ілезде дастарқан жайып үйренеді

Тағам әзірлеп үйренеді. Жәй емес, дәмді тағам. Тек дәмді ғана емес, жарың ұнататын, жарың жеп үйренген астың жасалу әдісін, құпиясын меңгереді. Оны, әрине, енесі үйретері анық. Бірер айдан соң күйеуі келіншегінің жасаған тағамы мен анасының жасағанын ажырата алмай қалса, отбасындағы берекенің бір сатысынан жоғары қарай өткені.

  • Қонақ күтіп үйренеді 

Оның ішінде жасы үлкен адамдарға дастарқан жайып, мүшелеп ет асып, табақ тартып, жалпы сыйласуды меңгереді. Сөйтіп қариялардың батасын алады. Ал келіннің қолынан шай ішкендер өз кезегінде келінге де босағасын көрсетіп, қонаққа шақырары хақ. Бұл да сыйластық қарым-қатынастың алғышартына жол салады.

  • Күйеуінің «сылтың қыдырысы» болмайды

Үйінде елеңдеп күтіп отырған келіншегі ғана емес, анасы да көзі төрт болатынын білген еркек жеңіл жүріске салынбай, жұмыстан соң шаңырағына асығып тұрады. Қай еркек анасын ренжітеді?

  • Шаңырақта дау-жанжал болмайды

Есті еркек те, әйел де әке-шешесінің көзінше арпылдасып ұрсысып, ошақ басында ұрыс-керіс шығармайды. Ішкі реніштерін өзара жеке бөлмеде, жәймен шешуге тырысады. Сөйтіп ұсақ-түйек кикілжің өршіп, үлкен жанжалға ұласпайды.  

  • Күйеуімен қатынасы жақсарады

Ақиқаты сол, өзі өскен шаңырақта тұрғанда күйеуі келіншегін басқаша қабылдайды. Өз үйіндегі әйелін өзіндей көреді, жақын тартады, күн сайын жақындығы артады. Ал келіншегіне күйеуінің мінез-құлқындағы ерекшеліктерін, жағымсыз тұстарын, кемшіліктерімен күресудің айла-тәсілін енесінен артық білер жан жоқ бұл дүниеде. Абысын, құрбы, төркіндері, тіпті психолог та бұл жерде кеңесші емес. Тек жарының туған анасы ғана ішінен шыққан шұбар жыланының кемшін тұсын жақсы біледі! Енесімен кеңескен  келін отбасының іріткісін ілезде іркіп отыратыны да сондықтан.

  • Балаға таптырмас тәрбие

Қалай десең де, әжесінің тәрбиесін көрген, ертегісін тыңдап еркелеп өскен бала ерекше! Бала жастайынан ізеттілік, өнегеліліктен бұрын, ана тілін, әдет-ғұрпын бойына сіңіріп өседі. Бұны ешқандай мектепте оқып үйрете алмайды. Баласы науқастанғанда да, жұмыстан үлгере алмай қалған шақтарда да, тұрмыстағы қысылтаяң кездерде үйдегі әженің берер кеңесі мен көрсетер көмегі ұшан-теңіз!

  • Көзге көрінбейтін қамқорлық

Жаныңдағы адамның қамқорлығы жат адамға қарағанда білінбейді. Енеңнің әр айтқан сөзі, істеген ісіне келіннің көзі де, бойы да үйреніп кетіп, елең қылмай, тіпті жақтырмай жатады. Ал шынтуайтына келгенде, бұны келін өзі ене болғанда немесе енесінен айырылғанда ғана түсінеді. Үй болып, аяғынан тұрып кетуде ененің қандай маңызды себін тигізгенін кеш түсініп жатады. Ол «әттегенайлар» көбінесе келіннің ішінде қалады.

  • Үй шаруасына пысықтық

Әке-шешесін ұятқа қалдырғысы келмейтін қыз бала келін боп түскенде енесінің алдында құрдай жорғалап, үй шаруасын тез меңгеріп алуға тырысады. Шаршаса да, жақтырмаса да, уақыт өте келе ененің «әскери мектебінен» өткен келін бір ауылды басқаратын бәйбіше атағына жетері анық. Жалпы, енесі бар келіндер ешқашан шаршамайды!

   

Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Бірақ ене қанша көргенді болса да, ата-анасынан дұрыс тәрбие алмаған қызды қайта тәрбиелеу мүмкін емес. Оған ене бар күшін салмай, тек байыппен бажаласа. Өйткені бірін-бірі түзетемін деп жүргенде араларындағы көпір морт сынуы да мүмкін. Негізі, шаңырақ құрылғанда тек келінге ғана емес, енеге де дайындық қажет. Психологиялық, әлеуметтік, тұрмыстық. Былай қарап тұрсаң, ене бірден жылы қабақ танытып, өз бауыр еті баласындай қарауға міндетті емес. Ене тек сыпайылап жол сілтеп, білмегенін үйретіп, ақыл-кеңесін ғана айтады.

Ал жалпыға ортақ міндет - мін жинамай, гүл жинау. Енеңді емес, өзіңді өзгерт. Келініңді емес, қатынасыңды өзгерт. Шіркін, келін өз міндетін, ал ене өз міндетін ұмытпаса, сөйтіп міндеттерін шатастырып алмай, орнын білсе. Кемшілік іздеп қазбаламаса. Өйткені мінсіз келін, мінсіз ене де болмайды. Саналы, ибалы ұрпақ өсіргіміз келсе тәрбиені өзімізден бастайық!

Оқи отырыңыз: Шаруашылықтағы шалалықтар

Көру қабілетіне кері әсер ететін бес фактор

Білім саласындағы олқылықтар

Шер ағаның шексіз шері

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.